Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда дәретханаға балаларды байлаған тәрбиешілерге қатысты қылмыстық іс тоқтады

  • AstanaTV
  • 07 желтоқсан 2021
  • 1214

Атырауда дәретханаға балаларды байлаған тәрбиешілерге қатысты іс тоқтады. Полиция аталған іс бойынша ешқандай қылмыстық құрам жоқ - деген шешім шығарған. Тергеуге ілінген нөмірі 3-ші арнаулы әлеуметтің қызметтер көрсету орталығының тәрбиеші мен палата санитары қатаң сөгіспен құтылды.  Ал мекеме басшысы жұмыстан қуылды.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Мүмкіндігі шектеулі сәбилерді шырқыратып дәретханаға байлап қойған видео, әлеуметтік желіде тарады. Бұл көпшіліктің ашуын туғызған еді. Оқиға сәуір айында болғанымен, түсірілім авторы үш айдан соң ғана желіге жариялаған. Тиісті мамандар мен құзырлы орган өкілдері, осыдан соң ғана, орнынан қозғалған еді.


Бұл таспада денсаулығында кінәраты бар бөбектерді жаялықпен дәретхана жанындағы темірге тастай қып байлап қойғаны анық көрінеді. Олар жан-жақтан жылап жатыр. Бұлар -  №3 арнаулы қызметтер көрсету орталығының тәрбиеленушілері. Балаларға жауапты тәрбиеші де, санитар да көрінбейді. Осы таспадан соң екеуіне де қатаң сөгіс берілді.

Анар ҚАЮПОВА, №3 АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біреуі палата санитары, екіншісі тәрбиеші. Екі қызметкер де қазіргі таңда қызмет атқаруда. Қазіргі таңда бір тәрбиешіміз үлкен зейнет жасына жақындаған апай. Осы мекемде көп жылдан бері еңбегі сіңген қызметкер. Екіншісі палата санитары. Ол кісі қазіргі  таңда еңбек демалысында. Оған дейінгі басшы қызметтен босатылды.

Бұл орталықта 77 бала тәрбиеленеді. Оның 39-ы стационарлық бөлімде. 12-сі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар. Орталықта 100-ге тарта бейнебақылау камерасы болғанымен, дәретханадағы жағдайды анықтау мамандарға қиын болған.

Полиция бастапқыда ҚК 110-ыншы «Қинау» бабымен қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу барысында желіге тараған видеодан қылмыстық құқық бұзушылық жоқ- деген шешімге келген. Полиция қандай да бір ақпарат беруге құлықсыз. Прокуратура органдары рұхсат етпейді деген желеумен сұхбат беруден бас тартты.

Б. Надірқызы