Русский Сайттың толық нұсқасы

Зейнетақыға енгізілген жаңашылдық, аталған бағдарламаға сенімді төмендетеді – сенатор

  • AstanaTV
  • 09 желтоқсан 2021
  • 1349

Қоғамда қызу талқыға түскен мәселені бүгін сенаторларда көтерген еді. Депутат Нұрлан Қылышбаев бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ұсынған жаңа әдістеме, келер жылы көптеген салымшыларды сан соқтырады деді.  Ал экономист Олжас Құдайбергенов болса, жеткіліктілік шегін көтеру формуласында көптеген логикалық қате бар деп тлпшылайды.

Зейнетақының шекті мөлшеріне қатысты сауал көп, бірақ жауап мардымсыз. Шенеуніктер мәселені бір-біріне сілтеп әуре. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловта бұған басын ауыртқысы жоқ. Айтуынша бұл іспен үкімет басшысының басқа орынбасары айналысады. Дегенмен зейнетақы қорының бұл әрекеті заңды деп отыр.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Тоғжанов мырзаға бұл мәселені қойыңыз. Менімше бұл методика жылдың басында бекітілген. Сондықтан менімше ол дұрыс методика.


Ал экономист Олжас Құдайбергенов болса, жеткіліктілік шегін көтеру формуласында көптеген логикалық қате бар деп ойлайды. Ол бұған қатысты өз ойын әлеуметтік желідегі парақшасында қалдырыпты. Зейнетақы қорының ұсынған әдістемесі ақылға қонымсыз, –дейді.

Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, ЭКОНОМИСТ:


Ерлердің орташа өмір ұзақтығы 67 жыл делік, бірақ барлығы 82 жасқа дейін өмір сүретіндей шек есептелген. Жеткіліктілік шекті бұрмалайтын басқа да ұсақ-түйек бар. Мәселен, 20 жастағы адамда 3 миллион теңге жеткіліктілік шегі болады деген де ақылға қонымсыз.

Қоғамда қызу талқыға түскен мәселені сенаторлар да көтерді. Нұрлан Қылышбаев бұл бағдарламаға деген сенімді төмендетеді деп топшылайды. Ол мемлекет басшысы зейнетақы есеп-шотынан артық жинағын алуына мүмкіндік берілетін азаматтар санатын біртіндеп ұлғайтуды тапсырғанын еске салды. Алайда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бұл әрекеті өз жинағын пайдалана алатын адамдар санын керісінше азайтатынына сенімді.

Нұрлан ҚЫЛЫШБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:


Енді өз жинақтарының бір бөлігін пайдалана алатын зейнетақы қоры салымшыларының саны күрт қысқаруы мүмкін. Егер 2021 жылы олардың саны 700 мыңнан астам болса, 2022 жылғы шекті қайта есептеуге байланысты бұл сан түбегейлі өзгереді. Жеткілікті шектің мөлшері жасы келген қатысушылар үшін 63%-дан ең жас қатысушылар үшін 82%-ға дейін өседі. Қалыптасқан жағдай осы бағдарламаға деген сенімге нұқсан келтіреді.  


Ал Ұлттық Банктің Төрағасы Ерболат Досаев бүгін үкімет отырысында қазақстандықтардың ағымдағы жылы зейнетақы қорынан 2 трлн. теңгеден астам қаражат алып үлгергенін айтты. Оның сөзінше дерлік қаражат тұрғын үй мәселесін шешуге жұмсалған.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Пікірлер әрқалай. Министрлер үйі жаңа шешімді қолдайды, ал сарапшылар мен бұқара түсінбей дал. Болмашы болса да алатын қаражаты барлары банктерді жағалап кеткен. Айдың аяғына дейін, бір кәдесін жаратуға тырысуда.

Б. Сатуов