Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда Ұлы Отан соғысы туралы қысқаметражды фильм түсіріліп жатыр

  • AstanaTV
  • 06 шілде 2016
  • 4079

Павлодарда Ұлы Отан соғысы туралы қысқаметражды фильм түсіріле бастады. Туындыда жергілікті театрлардың кәсіби әртістерімен қатар, кескін-келбеті фильм кейіпкерлеріне ұқсас кездейсоқ адамдар да бағын сынап жатыр. "Маңғышлақ" деп аталатын фильмнің сценариін кәсіби сценарист Владимир Дёмин жазып шығыпты. Түсірілім алаңында болған тілшіміздің репортажы. 

Түсірілім таңғы сағат бесте басталды. Өйткені мұндағы жұмыс темір жол локомотивінің қозғалыс кестесіне тығыз байланысты. Сондықтан әр сәт маңызды. Фильм сценариін кәсіби сценарист Владимир Дёмин жазыпты. Туынды режиссері Людмила Лебедеваның сөзінше, фильмде 1942 жылғы Павлодар баяндалады. Соғыс кезінде Қиыр Шығыстан жеткен пойыз Павлодар стансасына, тоқтап, азық-түлік тиеледі. Ал вагон жолаушыларының бірі туған қаласындағы анасына қалай да хабарласуға асығады. 

Людмила Лебедева, режиссёр:

Ол пойыз машинистері арқылы анасына хабар беруге тырысады. Бірақ бұл хатының анасына жеткен-жетпегенін тағы білмейді. Амалсыздан күтуге мәжбүр болады. Әрі әскери адам болғандықтан, перронды да тастап кете алмайды. Ал жабық қоймаға өте алмаған анасы ұлына жете алмай, әбден қиналады. Ел басына күн туған қиын кездегі ана мен баланың тағдырын суреттеуге тырыстық.

Бас кейіпкер - қатардағы жауынгер Литовкиннің рөлін 10-сынып оқушысы Данил сомдайды. Жасөспірімнің алғыр екендігін мақтаған фильм режиссері оның актерлік қабілеті бар деп отыр. Ал балаң актерге өзі сомдайтын кейіпкерін ұнатып қалыпты.

Данил, әуесқой актёр:

Жауынгер Отан алдындағы борышын қасық қаны қалғанша өтейді. Яғни өзіне сеніп тапсырылған бекетті тастап кете алмайды. Адами сезім мен жауапкершілік тартысқа түскен сәтті көрерменге боямасыз жеткізуге тырыстым.

Туынды эпизодтық рөлдерге толы. Шығармада депоның қарт жұмысшысы Каликиннің орны ерекшеленеді. Көрерменнің ықыласына бөленетін  бұл кейіпкерді Иван Григорьев сомдайды. Айтуынша, ұзақ жылдар темір жолда қызмет еткендіктен, түр-келбеті фильмді түсірушілерге бірден ұнапты.

Иван Григорьев, әуесқой актёр:

Уыздай жігіттің соғысқа бара жатқанын білген тұрғындар қолындағы барын беріп, бауырсақ пен қымызға тойғызады. Қиын кезде де бірін-бірі бауырына басқан ұлттар достығы да фильмде көрініс тапқан.

Дегенмен түсіру алаңында соғыстың ызғарлы лебі де сезіледі. Режиссер 20 минуттық шығармаға жауынгер тұрмысын сыйдыруға тырысқан. Түсіру жұмыстары аяқталғасын, жаңа кино көгілдір экранға көктемге қарай жол тартпақ. 

Еркін КАРИН