Русский Сайттың толық нұсқасы

Өңірлерде бензин бағасы шарықтап барады

  • AstanaTV
  • 20 желтоқсан 2021
  • 2264

Елімізде ең көп сұранысқа ие АИ - 92 маркалы бензин бағасы республика бойынша Алматыда ең қымбат бағада саудаланып жатыр. Мұнай-газ саласының маманы Олжас Байділдиновтің пайымынша, бензиннің литрі 200 теңгеден асады. Соңғы 1-2 аптада жанармай доллардан қалыспай  5-теңгеге қымбаттаған. Ал жыл басынан бері АИ 92-інің литрі 20-30 теңгеге, АИ 95 - 8 теңгеге өскен. Өңірлердегі бензин жағдайын әріптесім Әсем Лесбек жалғастырады.

Алматыдағы жанармай құю бекеттеріндегі баға бүгін құбылып шыға келді. Жұрт жиі тұтынатын АИ 92 маркалы бензиннің литрі бірден 180-183 теңгеден сатылып жатыр. Бірақ бағаны көріп кері бұрылған көлік жоқ. Жүргізушілер амалдың жоқтығын айтып қынжылады.

БЛИЦ:

- Әрбір жарты жыл сайын баға қосып жатыр ғой. Ай сайын, күн сайын өседі. Өздерінің ойына не келеді соны қояды. Әрине бар қымбатшылық.

- Бензиннің бағасы қатты қымбаттап барады. Салық жағы тағы да бар. Білмеймін бұлай жалғаса берсе не боларын, қазірдің өзінде тапқанымыз осыған кетіп жатыр.


Мұнай-газ саласының мамандары бұл қымбатшылықтың басы ғана дегенді айтады. Бензин құны тағы көтеріледі деп отыр.

Олжас БАЙДІЛДИНОВ, МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Бағаның өсуі алдағы уақытта да жалғасады. АИ – 92-нің литрі 230-240 теңгеге барады. Сондықтан тұрғындардың неғұрлым үнемді көлікке көшкені жөн. Біздегі жанармай құны басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мәселен, Ресей мен Қырғызстанда АИ-92-нің литрі 270-280 теңгеден сатылса, Өзбекстанда ол 300 теңгеден асады.

Экономистер де қымбатшылық әлі де қыспаққа алады деп болжайды. Бағаның өсуі азық-түлік құнына кері әсерін тигізуі мүмкін дейді.

Бекнұр КИСИКОВ, ЭКОНОМИСТ:

Ресейдің бағасына бізді апармаса жақсы болар еді. Қатты көтеріліп кетсе, оның бағасы  жеп отқан нанымызға да, майымызға, жүріп жатқан автобусымызға да әсерін тигізеді. Теңгенің де құны түсіп бара жатыр. Доллардың да. Ол енді әсерін етеді.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Мамандар Қазақстан ең арзан жанар-жағармай бойынша әлемдегі 10 елдің қатарына кіретінін мәлімдеді. Бірақ бұл көлік жүргізушілерін жұбатар емес. Олар бағаның шарықтауына қарсы. Дегенмен Үкімет мүшелері шара қолданады деп сенеді.

Ә. Лесбек