Сонда Премьер-министр сыртқы займдар, Ұлттық қордың қаржысын жұмсау, Бірыңғай зейнетақы қорын басқару, міндетті медициналық сақтандыру, бюджет, салық, банк салаларын реформалау бойынша кеңесіп, күзде ұсыныстармен шығатындарын айтты. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық саясатқа түзетулер енгізбек. Себебі экономикалық саясатқа байланысты депутаттар да сауал қойып отыр. Мысалы, 2011 жылы Ұлттық қордан бөлінген трансферттер 30 пайыздай болса, былтыр 43 пайызды құраған. Бұлай кете берсе, Ұлттық қорда ақша қалмайды ғой? Сондай-ақ, депутат Омархан Өксікбаев үкіметтің сырттан қарыз ала беретініне тоқталды. Былтыр үкіметтік қарыз заңмен бекітілген межеден 465 млрд теңгеге артып кеткен.
Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Республикалық бюджеттің тапшылығын жою үшін сырттан алынған займ 1,1 трлн теңгеден асқан. Бұл 2013 жылға қарағанда 9 есе көп. Есепке қарасақ, республикалық бюджет шығындарының 16 пайызы сыртқы қарыздар арқылы жабылған. Ал биылғы бюджеттің тапшылығын жабу 2 млрд доллар қарыз алынған.
Енді аз-кем деталь. 240 млрд теңге азаматтардың жеке үй салулары үшін инфрақұрылым тартуға да жұмсалатыны жарияланды. Негізі миллиондаған қазақстандық жер алып, үй салғысы келеді. Соңғы уақытқа дейін үкімет «инфрақұрылым тартылмай, жер берілмейді, ал инфрақұрылым тартуға ақша жоқ»,- деп беймарал айтатын. Әйтсе де 240 млрд теңгенің осы мақсатқа нақты қанша бөлігі жұмсалатыны белгісіз.
Екінші. Соңғы уақытқа дейін «жұмыс істеймін деген адамға жұмыс бар» дейтін үкімет жастар арасындағы жұмыссыздықты ауыздықтауға мән беру керектігін айтып, «імм» дегізді. К.Мәсімовтің сөзі - Барлық мәселе жұмыспен қамтуға барып тіреледі.
Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:
Денсаулық және әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бір ай шамасында «мәселе» болып отырған жастармен жұмысты түпкілікті қайта қарауы керек. Мақсат - оларды жұмысқа орналастыру.
Азаматтардың
радикалдық бағытқа түсуінің, ашу-ызаға булығуының негізгі себептері ретінде
сарапшылар жұмыссыздық, әлеуметтік әділетсіздік, жемқорлықты атайтын. Бұл
себептерге енді тоңбет жасау мүмкін еместігін ұғыну бар сияқты көрінеді...