Русский Сайттың толық нұсқасы

«Резіңке пәтерлер». Заңсыз тіркеу. Заңды тіркеу жолы бар ма?

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2016
  • 3556

«Резіңке пәтер» деген ұғым бар. Оларда 200-300 адам тіркелген,- дейді Ішкі істер министрі. «Резіңке пәтерлер» мәселесі терактілерден кейін ресми түрде қайта айтыла бастады. Әйтпесе жаңалық емес. Қалаға ағылған жұрт уақытша болса да тіркеу іздейді. Жұмысқа тұру керек, баланы мектепке орналастырып, емханаға тіркелу қажет. Үйдің кезегіне тұру бар. Осы жерде әрине, «бизнес» өркен жаяды – тіркеуге отырғызу бизнесі. Бұл жердегі бір алаяқтық – тіркетеді, «тіркеуде» деген анықтама беріледі, сосын бірнеше күннен кейін тіркеуден шығарып жібереді. Полицейлер адамдарды түгендеу, кімнің қай жерде жүргенін білу үшін проблеманы көтеріп отыр. Ал проблеманың әлеуметтік қыры тым тереңде. Мысалы, өткенде бір әйелдің бірнеше күндік тіркеуге сеніп қалуының кесірінен, әкесінен айырылып қалғанын сенетін ақпарат көзі әңгімелеп берді. Медициналық көмек уақытында көрсетілмеген. Ал заңсыз бизнесті ауыздықтау мүмкін бе? Себебі сұраныс жоғалмайды. Заңды жолы қайсы?

Құралай Пионер тарқатады.

Мекен-жай тіркеуі «заңсыз» деп танылған тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Әрі тіркеуді оңды-солды сатуға дағдыланғандарда қармаққа ілігуі тиіс. Бұл –көші-қон заңнамасында байырдан бар қағидат. Тек сол заңның орындалуы некен-саяқ. Сөйтіп, бүгінде тіркеу қызметінің қып-қызыл бизнеске айналып, тіпті қоғамда «резіңке пәтер» деген ұғымның да қалыптасқаны бар. Апта басында жұрт алдында есеп берген Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай деп ашынды.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Но есть такое понятие как "резиновые квартиры". В некоторых квартирах оказалось зарегистрировано по 200-300 человек. Поэтому надо привести в соответствие.

Бас полицей көші-қон заңнамасының «тіркеуге» қатысты бөлігін қайта реттеуді, қажет болса, талапты қатайтуды бұйырып отыр. Бұған, әрине, Ақтөбедегі жағдай түрткі. Ондағы лаңкестік әрекетке барғандардың дені ресми тіркеуге тұрмаған азаматтар деседі. Енді кімнің қай жерде жүргенін білу үшін Астана полицейлері таяуда түгендеу шарасын жүргізбек.

Еркін Шомбинов, Астана қалалық ІІД көші-қон полициясы басқармасы басшысының орынбаcары

Ең көбі бір пәтерде 140 адам тіркелген болған.Солай енді, шектеу болмаған. Пәтер иесі өзі келеді де өз еркімен үйдің құжаттары арқылы кез келген адамды тіркей алатын.

Заңсыз тіркеуге тұрғанның бәрі бас сауғалап жүрген күдіктілер немесе келімсектер емес, әрине. Басым бөлігі  үлкен қалаларға тіршілік қамымен келген ауыл азаматтары. Урбанизация процесі, яғни. Біріне жұмысқа, енді біріне баласын бақшаға, мектепке беруге, тіпті үй алу үшін де уақытша тіркеу қажет болған. Туысыңның пәтері болса жақсы, болмаса тіркеуді сатып алуға мәжбүр. Бұл саудада енді Алматы мен Астанада бәсекелестік күшті-ақ.

Жалпы тіркеменің пәтерге сатылатыны рас. Оны вокзал жақта мынадай қабырғалардан көп көруге болады. Сондай бір жарнамаға қазір біз хабарласып көреміз. 

Телефон тұтқасын Лида есімді әйел көтерді. Сөзіне қарағанда, пәтердің қожайыны өзі. Клиентке қолайлы тіркеменің барлық түрін жасап беруге әзір.

У нас постоянная  7 тысяч тенге да, и постоянная без определенного срока, да?- Нет, 2 года. Через 2 года вы просто продлеваете.- А коротки срок, сколько стоит?- Временное, год идет. 5 тысяч.

Елордамен салыстырғанда Алатау бөктеріндегі шаһарда тіркеу құны қымбат екен.

Алматы, «жетім бұрыш»...

Маған жұмысқа керек еді прописка. - Тұрасың ғой. Бір айға 15 мың теңге, бір жылға 35 мың теңге. Медеу, Алатау ауданы бар, қалаға тұрғызып берсем болды ғой. – Ауданға байланысты прописканың бағасы өсуі мүмкін бе? – Жоқ өспейді.

«Тіркеуге тұруға жәрдем береміз» деген жарнамадан интернетте де көз сүрінеді. Қалаған ауданыңыздың мекен-жайынан анықтама беріледі. Қажет болса, бір күндік те тіркеу бар. Мұндағы қызметақысы – 5-15 мың теңге.

Алмат Аспандияров, заңгер:

Астанада  80-90 пайызы тіркеледі, бірақ тіркелген жерінде тұрмайды деп айта аламын. Неге? Көп өйткені.  

Ләйлә екі күннен бері Астанадағы Халыққа қызмет көрсету орталығының табалдырығын тоздырып жүрген келіншек. Айтуынша, 7 жастағы ұлын өз үйіне тіркеуге қоя алар емес. Көші-қон полициясы көп адам тіркелген үйлерге тексеру жасап жатқандықтан.

Ләйлә, Астана қаласының тұрғыны:

Үйімнің өзі 520 кв. метр. Сол 520-да 14 адам тұрған. Ол 14-тің 10-ын шығарып тастаңдар деген соң, шығардым. Енді баланың мектебіне бола тіркеуін қояйын десем, еш жерге қоймайды. 14 адам да менің туған-туысқаным еді. Енді оларға айттым сендер ренжімеңдер, шығар дегеннен кейін шығарып жатырмын деп.

Осы тұста айтатын жаңалық - енді пәтерге тіркелуде адам санына шектеу қойылмақ. Мәселен, Алматыда 15 шаршы метрге тек 1 адамның ғана тұруына рұқсат берілген. Енді бұл жүйе Астанаға да енгізілгелі жатыр.

Еркін Шомбинов, Астана қалалық ІІД көші-қон полициясы басқармасы басшысының орынбасары:

Бірадамбасынамөлшері 15 шаршы метр. Құқығы бар тұруға. Бізәкімшіліккеұсынысбердік, қазіролқарауда. Шешімішығуыкерекжақынарады. 857 мың 480 адам тұрады тіркеуде. Ал тіркеусіз нақты саны жоқ. Мөлшері 80-58 мың. Осы 5 айдың ішінде 647 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Әрқайсысына 5 айлық есептік көрсеткіштен айыппұл салынған.

Шектеудің қойылуы тіркеу мәселесі анағұрлым күрделендіріп те жібереуі  мүмкін. Өйткені мүлдем тіркеусіз қалатын азаматтар саны артпақ. Ал бұл үлкен әлеуметтік қиындыққа әкеледі.Бейресми есепке жүрінсек, бүгінде Қазақстанда әрбір 3-ші азаматтың тұрақты баспанасы жоқ.Түгел отбасымен пәтер жалдап жүргендер де жетерлік.

Сергей Уткин, заңгер:

Бізде халықтың дені, қалаларда жалдамалы пәтерде тұрады. Міне, қиындық осында. Ал шетелде қалай, пәтер жалдаған адамға уақытша тіркеу де қатар жасалады. Ал бізде ондай мәдениет жоқ. Егер тіркеуге қойса, қожайыны үйін тартып алатындай қорқады. Бірақ заң тұрғысынан олай емес. Сосын пәтердің коммуналдық ақысы өседі деп те қорқады. Оны да шешуге болады. Әйтпесе, бұл жүйе  ешқашан реттелмейді. 

Қазақстан көші-қон заңнамасына сәйкес, әрбір азаматқа бір жерден екінші жерге тіркеуге тұруға 10 тәулікке уақыт беріледі. Егер ол 3 айдан асса, еркету жасалады. Ал мерзімі одан да ұзаса, 5-тен 10 айлық есептік көрсеткіш шеңберінде айыппұл салынады. Бір қызығы – «тіркеуге тұрыңдар» деп өктемдік жасағанымен, тексеру жағына келгенде полицияда бірізді жүйе қалыптаспаған екен.

Көші-қон басшысы...

- Тіркеу мәселесі қалай тексерледі?

- ОПМ-дар болып тұрады бізде. Пәтер, заңсыз жүргендер, мигрант деген. Сол кезде әрбір пәтерге ұсыныс бойынша кіре аламыз.

Осы тақырыпқа жанасатын тағы бір жаңалық - Ішкі істер министрлігінің жанынан Көші-қон мәселелері бойынша Ұлттық бюро құрылады. Көші-қон процестерін бақылап, реттеуі және осы саладағы проблемаларды талдап-таразылуы керек. Мүмкін тіркеу мәселесін шешу жолдары сол кезде табылады? Айтпақшы, шетелдердегі қандастарымыздың кібіртіктеп қалған көші бар. Оған да жан бітер ме екен?.. 

Құралай Пионер, Ерасыл Құрманғалиев, Самат Орынбаев, «Біздің уақыт».