Русский Сайттың толық нұсқасы

Жер комиссиясының кезекті отырысы Алматы облысында өтті

  • AstanaTV
  • 20 маусым 2016
  • 2209

Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысын жалғастыруда. Комиссия мүшелері бұл жолы Алматы облысында жұртшылықпен кездесті. Бес сағатқа созылған жиында түрлі ұсыныстар мен пікірлерге еркіндік берілді. Отырысқа төрағалық еткен бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев халықтың жер төңірегіндегі пікірлерінің тиянақталып қалғанын айтты. Алайда, жер мәселесіне қатысты нақты бір шешімге келу үшін әлі де ұсыныс-тілектер тыңдалады. Ақырында жинақталған материалдарды Елбасына ұсынамыз, - деді комиссия төрағасы.

Талдықорған қаласы маңындағы жүздеген гектар жерге соя мен қызылша егетін қожалық иесі бүгінгі комиссия отырысына өз ұсыныстарын ала келген. Еркінбек Исләмов жерді кәсіпкерлерге сатуды қаламайды.

Еркінбек Исләмов, шаруа қожалығының иесі:

Жердің өзін пайдалану құқығы нарықта болуы керек. Жер үкіметтік бола берсін. Мысалы, Израиль, Қытай, Еуропада мемлекеті.  АҚШ-та жердің 66 пайызы жалдамалы. Мәселе кімнің меншігінде емес. Қандай инвестиция жасалды, қандай мақсатта пайдаланып жатыр?  

Үкімет басшысының орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов комиссия жанынан құрылған жұмысшы топтарды ширақ қимылдауға шақырды.Алдағы отырыстардың біріне ұсыныстар әзірленіп жатқанын жеткізді. Оның қатарында жекеменшікке берілетін 10 сотық жер туралы да айтылмақ. Асқар Мырзахметов ауыл шаруашылығындағы кейбір жерлерді босатып, тұрғын үй салуға беру керек деген пікірде. Бұл мәселені комиссияның өзге мүшелері де көтерді.

Оразалы Сәбден, жер реформасы жөніндегі комиссия мүшесі:

Әрине, комиссия қазір бір шешімге келе алған жоқ. Түбегейлі мәселеге қатысты көзқарас екі жақта. Біразы сатпау керек, дейді. Сату керік дейді, жалға беру керек дейді. Бұл әлі халықтың пірікі бір жерге тоғысқан жоқ.

Айдос Сарым, жер реформасы жөніндегі комиссия мүшесі:

Бәлкім, бұл аренда 10 жылға қала берсін. Сол он жылдың ішінде жерді құнарландыру, асыл тұқымды малдың басын көбейту сияқты мәселерге жауап беретін нақты жол картасын қабылдап, Парламентке ұсыну керек. 

Ал шекара маңындағы жерлерді қазіргі заң бойынша 3 шақырым қашықтықтан жалға беруге болады. Алдағы уақытта осыны 200 шақырымға дейін алшақтату қарастырылып жатыр, дейді комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев. Вице-премьер жайылымдық жерлерге назар аудару қажеттігін де еске салды Комиссия талқысына да осы төңіректе көптеген сауалдар түскен. Елді мекендердің айналасында орналасқан, жекенің қолына өткен жайылымдарды мемлекет мүддесі үшін қайтарып алу  жайы көтерілмек.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Елбасының бастапқыда тапсырған мақсаты сол еді. Жерге жаны ашитын адам болса, пікірін айтсын деп. Соған ашық алаң міне - осы. Жайылымға бермеу керек, жайылым тарылып барады дейді. Жер жалға берілмесін деген пікірлер де бар. Барлығы осы жерде талқыланды. Кез-келген пікір ескерусіз қалмайды.  

Алматы облысында өткен  жиынға 19 ауданнан келген ауыл шаруашылығы мамандары мен шаруалар қатысты. Бірнеше сағатқа созылған комиссия отырысында 73 адам өз пікірін білдірді.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Енді жер комиссиясының жергілікті жерлердегі отырыстарына Асқар Мырзахметов жетекшілік етпек. Ауыл шаруашылығы министрі өткен аптада Үкімет басшысының орынбасарлығы қызметін де тағайындалды. Алдағы уақытта жер реформасы жөніндегі комиссия екі аптада бір жиналатын болды.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ