Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ-та коронавирустың таралуы рекордтық деңгейге жетті

  • AstanaTV
  • 29 желтоқсан 2021
  • 1256

АҚШ-та коронавирустың жаңа түрінің таралуы бойынша антирекорд орнады.  Бір тәуліктің ішінде 500 мың адам вирус жұқтырған. Мамандардың айтуынша,  мұндай жағдай пандемия басталғалы болмаған.  Індеттің өршуі, әсіресе, елдің үлкен мегаполистерінде тіркелуде.  Нью-Йоркте балалар жаппай ауруханаға түсіп жатыр. Жағдай неге ушықты? Ғалымдар не дейді?  Тілшіміз Әсел Дүкембаева   толықтырады.

АҚШ-та коронавирустың жаңа түрі  антирекорд орнатты.  Нью-Йорк қаласында соңғы аптада тест тапсырғандардың 20 процентінде ковид анықталған.  Ал Мичиган, Вермонт, Мейн және Нью-Хэмпшир штатындағы ауруханаларда бос орын  қалмай барады.

Энтони ФАУЧИ, АҚШ-ТЫҢ БАС ИНФЕКЦИОНИСТ ДӘРІГЕРІ, ҒАЛЫМ, ИММУНОЛОГ:

Ол күн сайын өсіп, өсіп келеді. Өткен аптадағы орташа көрсеткіш шамамен 150 000 болды және әлдеқайда бұдан жоғары болуы мүмкін.

Сарапшылардың мәліметі бойынша, бір апта ішінде орташа есеппен 251 989 инфекция тіркелген. Бұл  ағымдағы жылдың қаңтар айындағы рекордтық көрсеткіштен де асып түсті дейді мамандар.  Жағдай әлі де ушығуы мүмкін.

Ашиша ДЖА, БРАУН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ САРАПШЫСЫ:

Қаңтар айында көптеген адамдар коронавирусты жұқтыратынына дайындалу керек. Бұл екпе алмағандар үшін ерекше қауіп төндіреді.

Желтоқсан айында Ковид-19 салдарынан балаларды ауруханаға жатқызу саны шамамен 50 пайызға өскен. Әсіресе Нью-Йоркте жағдай күрделі, өткен аптада  68 бала  ауруханаға түсті, бұл екі апта бұрынғыдан төрт есе көп. Алдын ала деректер  бойынша дельта нұсқасымен салыстырғанда, омикрон  балаларда жеңілірек өтетін көрінеді.   Жалпы, АҚШ-та  Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, қазірдің өзінде ауруды жұқтырғандар саны 53,1 миллионға жетіп, 820,4 мың адам қайтыс болды. Оның үстіне соңғы төрт аптада 4,35 миллионнан астам адам ауру жұқтырған, 38,5 мыңнан астам адам қайтыс болған. АҚШ  осы екі көрсеткіш бойынша әлемде бірінші орында тұр.

Ә. Дүкембаева