Русский Сайттың толық нұсқасы

Жүк тасымалы басқармасы алматылық оқушыларға теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді

  • AstanaTV
  • 29 желтоқсан 2021
  • 2027

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық Компаниясы Акционерлік Қоғамы жазатайым жағдайлардың көбейгендігіне алаңдайды. Мекеме мамандары теміржол бойында өлім оқиғалары жиіледі дейді. Апаттардың көбі балалардың қатысуымен болған. Бірер күн бұрын ғана Алматыда 14 жасар оқушы пойыз вагонының үстіне шығып көз жұмды. Мамандар мұндай оқиғаларды болдырмас үшін мектеп оқушыларына қауіпсіздік ережелерін жиі түсіндіруде.  

Қалада соңғы уақытта теміржол бойында жазым болған балалар оқиғасының жиілегені рас. Күні кеше вагон үстінде селфи жасаймын деген жасөспірімдер тоққа түсті. Алған жарақаттарынан екеуі де көз жұмды. Осыдан кейін басқарма өкілдері балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіуді бастады.

Нұржан ҚҰРМАНӘЛІҰЛЫ, «ҚТЖ-ЖҮК ТАСЫМАЛЫ» ЖШС АЛМАТЫ қ. БӨЛІМШЕСІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:


Бүгінгі түсіндірме жұмыстары жүргізілген оқушылар негізінен теміржол маңайында орналасқан үйлерде тұрады. Жолдың арғы не бергі бетіне теміржол арқылы өтеді. Арасында жаяу жүргіншілер көпірімен жүрмей ереже бұзатындары бар. Жалпы «Алматы –1» вокзалында мұндай екі көпір бар.

Мегаполиста жыл басынан бері 12 апатты жағдай тіркелген. Соның он оқиғасы өліммен аяқталды. Апаттардың көбі балалардың қатысуымен болған. Мамандар мектеп оқушыларын сақ болуға шақырып отыр.

Махмет ӘБЕНОВ, «АЛМАТЫ-1» СТАНЦИЯСЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Апатты жағдайлардың көбейгені рас. Қауіпсіздікті сақтамайтындардың кесірінен 30-ға жуық апатты жағдай тіркеле жаздады. Аталған фактілерге 559-шы баптың 5-бөлігі бойынша әкімшілік материалдар толтырылды.


Теміржолшылар оқушыларға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертті. Қауіпті аймақты баспауды, теміржолды кесіп өтпеуді ескертті. Аймақты әлеуметтік желіге бейне түсіретін орын емес деді.

Алтынай СЕЙІЛХАНОВА, «ҚТЖ-ЖҮК ТАСЫМАЛЫ» ЖШС АЛМАТЫ қ. БӨЛІМШЕСІ ӨНДІРІСТІК ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Қазір жасөспірімдер әлеуметтік желіде танымал болу үшін барлық әрекетке барады. Тик-токта тренд боламын деп вагонның үстіне де шығып жатыр. Жастарымыз мұның қаншалықты қауіпті екенін білсе дейміз. Ата-аналары да барынша ескертсе дейміз.


Бүгінгі түсіндіру жұмыстары бірнеше мектептің оқушысын қамтыды. Мамандар қауіпсіздік ережесін білген әрбір жан қауіпті әрекеттерге бармайды дейді.

Ә. Лесбек