Русский Сайттың толық нұсқасы

Дамудың жаңа кезеңі басталады: Президент Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеді

  • AstanaTV
  • 11 қаңтар 2022
  • 1853

Дамудың жаңа кезеңі басталады, жаңа Қазақстанды бірге құрайық. Мәжіліс отырысына қатысқан Президент ел тұрғындарына үндеу жасап, жаңа үкіметтің алдына бірқатар тапсырма жүктеді. Мемлекет басшысы елдің экономикалық жағдайын реттеп, халықтың әлеуметтік ахуалына ерекше көңіл бөлу керек деді. Сондай-ақ кейбір сала қызметкерлерінің  жалақысы көтерілетінін айтты.

Қазақстан үкіметінің жаңа басшысы тағайындалды. Президент бұл лауазымға бұрынғы премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смаиловтың кандидатурасын ұсынды. Мұны мәжіліс депутаттары бір ауыздан мақұлдады.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы жайында тараған жалған ақпараттарға нүкте қойды. Айтуынша, шетелден келген бітімгерлік күштердің негізгі миссиясы сәтті аяқталды. Олар жақын күндері елден шығарылады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Жалпы, контртеррористік операцияның негізгі фазасы аяқталды. Еліміздің барлық өңірінде ахуал тұрақты. Екі күннен кейін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бірлескен бітімгер контингентін кезең-кезеңмен шығару басталады. Контингентті шығару процесі 10 күннен аспайды.


Лаңкестердің шабуылы кезінде ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшыларының, әскерилер мен бейбіт тұрғындардың отбасыларына көмек көрсетіледі, деді Президент. Мұны өзінің жіті бақылауды ұстайтынын жеткізді. Бұл - қызметін адал атқарғандарға қатысты.  Өйткені, ел басына түскен сын сағатта   кейбір құзырлы орган басшылары  жеке басын ойлап, қашып кеткен.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Бәрі бірдей өз міндетіне адалдық таныта алмады. Қазақстанның бірқатар қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары жеткілікті әскери арсеналға қарамастан, ұрысқа қатыспай, қару-жарақ пен құпия құжаттарды сол жерде қалдырып, ғимараттарды тастап кетті.


Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздіктің барлық жүйесін түбегейлі қайта құру керек екенін  жеткізді. Салада атқарылуы тиіс мәселе шаш етектен, деді. Оның ішінде діни экстремизмге қарсы тұру бойынша жүйелі шаралар кешенін іске асыру мәселесі  өткір тұр. Әскердің жауынгерлік қабілетін күшейту мен мемлекеттік шекарадағы қауіпсіздікті нығайту керектігі де айтылды. Жақын арада өтетін қауіпсіздік кеңесінің отырысында осы  жайттар ортаға салынып, шешу жолдары қарастырылады.  Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Үкіметке күштік құрылым қызметкерлерінің жалақысын көтеруді тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Болған қайғылы оқиғаларға көбіне күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелер мен кейбір мемлекеттік органдардың қауқарсыздығы, дәлірек айтсақ, сәтсіздігі себеп болғанын мойындау керек. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің санын көбейту. Алдағы уақытта біздің құрылымдық күш террорлық шабуылдарға қарсы тойтарыс беруге толық дайын болуы керек.

Мемлекет басшысы елде жаңа экономикалық тұғырды қалыптастыру керек деді. Осы орайда саланың дамуына бірден-бір үлес қосатын кәсіпкерлерді қолдау үшін жүйелі жұмыс атқару өте маңызды.  Қоғамдағы тағы бір мәселе – олигархтар.  Президенттің айтуынша, олар ерекше шарттармен табыс тауып отыр.  Оны тоқтататын  кез келді, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан даму банкі бай-бағландарға қызмет көрсететін жеке меншік банкке айналды. Олар ірі қаржы-өндірістердің атынан шығып жатады. Олар жоғары кабинеттерге емін-еркін кіре алады, аты-жөндері де белгілі. Бұндай қолдауды шағын және орта бизнеске көрсетуге болатын еді. Қазақстанның даму банкінің қызметін қайта қарап шығу керек. Үкімет мемлекеттік қолдау шараларының тәртібін өзгерту тиіс.

Мемлекеттік қолдауды қатты қажет ететін кәсіпкерлер қатарында жанар-жағар май сатушылары бар. Олар көбіне сұйық отындарды өндіру және оны бөліп-тарату жүйесі ашық болмағандықтан  зардап шегеді.   

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тіпті, жанар-жағар май бағасын жарты жыл бойы қолдан реттеуге мәжбүр болып отырмыз. Осы кезеңде Бас прокуратура Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, сондай-ақ Энергетика министрлігімен бірлесіп, осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуге тиіс.

Үкімет алдына қойылған басты міндет -экономиканы әртараптандыру. Ол үшін өңдеу өнеркәсібін дамыту керек. Бірақ, бұл сала әлі күнге дейін ақсап тұр, деді Президент. Салдарынан импортқа тәуелділік артқан. Оған жұмсалып жатқан қаржыда есеп  жоқ.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Шикізат қорын, құзыреттері мен экономикалық тиімділікті ескере отырып, бәсекеге қабілетті секторларды анықтау керек. Жүргізілген талдаудың негізінде нақты жобаларды әзірлеп, инвесторларды тарту қажет. Бұл – Үкіметтің жаңа құрамының алдында тұрған басты міндеттердің бірі.

Отырыста қоғамда үлкен резонанс тудырған РОП  операторының жайы да сөз болды. Мемлекет басшысы Үкіметке кәдеге жарату алымын тоқтатуды және оны мемлекеттік ұйымға айналдыру жөнінде тапсырма берді. Ал, көлік иелерінен алынатын алым мөлшерін қайта қарау керегін айтты.
Ал Елордадағы жемқорлықтың символына айналған LRT құрылысын Президент елдің беделіне нұқсан келтіретін  проблемаға толы, қате жоба деп атады.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Қазірдің өзінде қыруар қаражат игерілді, несиелер тартылды, шетелдік серіктестер алдында ауқымды шарттық міндеттемелер алынды. Енді оңтайлы шешім қабылдауымыз қажет. Себебі оны бұзу – уақыт пен қаржы шығынына алып келеді. Бізде басқа амал жоқ. Осы жобаны қолданысқа енгізетін мүмкіндіктерді қарастыратын отандық және шетелдік архитекторларды шақыру қажет.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Үкіметке ауылшаруашылығы саласына ерекше назар аударуды  тапсырды. Былтыр қуаңшылық салдарынан  астық  жылдағыдан  4 миллион тонна аз жиналған. Болжам бойынша, ахуал биыл да күрделі болуы мүмкін , деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз.  
Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді.


Президенттің  шешімімен  шенеуніктердің    жалақысын  көтеруге 5 жылға мораторий енгізіледі. Өйткені олардың қазіргі айлық табысының өзі жеткілікті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы билікке жастарды араластыру жайын көтерді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Кейбір жұмысына салғырт шенеуніктер кеңселерінде жылдар бойы отырып алады. Олар жас және болашағы зор балалардың өсуіне жол бермейді. Бұл мемлекеттік аппараттың тиімділігін төмендетеді. Десе де үлкен жастағы басшылдардың бәрін босату мүмкін емес. Өйткені, білікті кадрлардың бәрін босатып жіберуге болмайды.

Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қор құруды тапсырды. Ол Үкімет пен Мемлекеттік әкімшіліктерге қарамайды, тек халыққа  арналады. Қор денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналысады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мысалы, сирек кездесетін ауруға шалдыққан балаларға көмектесу. Шынында да, көптеген отбасылар үшін емделу құны қымбат. Ол арқылы дарынды балаларға көмек көрсетеміз. Осы қордан біз қайтыс болған полиция қызметкерлері мен әскери қызметкерлердің отбасыларына қолдау көрсетеміз.


Сондай-ақ Президент жаңа премьер-министрге жиында айтылған нақты міндеттер мен тапсырмалар негізінде 3 апта ішінде  іс-қимыл жоспарын әзірлеуді жүктеді.  Ол ақпан айының басында өтетін үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралады.

А. Данияр