Алматыда тонаушылыққа қатысқан бір топ мародер ұсталды. Қала комендатурасы ақпараттық орталығының хабарлауынша, Маңғыстау облысының 5 тұрғыны сауда үйлерін тонаған. Сондай-ақ, олардан әскерилерге тиесілі шу гранаталары, бас киімдер, сауыттар мен қалқандар тәркіленді. Бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ, Алматыда тәртіпсіздіктер кезінде әскери құрылымның КАМАЗ көлігін айдап алып кеткен 27 жастағы ер адам ұсталды. Оның да тонауға қатысқаны анықталды. Сондай-ақ, Түркістан облысында да Алматыдағы бүлікке қатысқан қылмыстық топ құрықталды. Күдіктілер көлігінен суық қарулар табылып, тәркіленді.
Салтанат ҚАРАКӨЗОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Бұл қылмыстық топтың Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар екені анықталып, және осы жас азаматтар Алматыда орналасқан дүкендердің бірінде 11 ұялы телефон, 2 ноутбук алғандарын мойындап отыр.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жалпы елімізде ұсталғандар саны 10 мыңға жуықтаған. Бүлікшілерді ұстау кезінде патрондары жоқ тапаншаға арналған жинақ, бронжилет пен басқа да қару-жарақтар тәркіленген.
Д. Жарқынбек