Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордаға жаппай тәртіпсіздік салдарынан 6 миллиард теңгеден астам залал келген

  • AstanaTV
  • 11 қаңтар 2022
  • 1516

Қызылордаға жаппай тәртіпсіздік салдарынан 6 миллиард теңгеден астам  залал келген.  Арнайы құрылған комиссияның мәліметінше, бұл тек  8 мемлекеттік нысанның шығыны. Ал кәсіпкерлік саласы шамамен 400 миллион  теңге зардап шеккен.  Шығын әлі  есептеліп жатыр. Қазір қала  тыныш. Бірақ құзырлылар  қауіптің әлі сейілмегенін айтады. Сыр еліндегі тілшіміз Мөлдір Тоқтасынқызы жағдайды толығырақ баяндайды.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде қалада бірнеше мемлекеттік нысанмен қоса автокөліктер, модульдік полиция бекеттері   отқа оранған. Кәсіптері күйреп,   шығынға ұшыраған азаматтар да бар. Кәсіпкерлік палатасы   26 нысанга шамамен 400 млн. теңгеге жуық залал келді дейді. Әлеуметтік нысандар бойынша да шыгын казір есептеліп жатыр.

Абай ТАҒЫБЕРГЕН, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

 
Комиссия болжамды шығындарын есептеті. Жалпы 8 нысан бойынша 6 млрд.теңге залал келген. Яғни, айта кету керк, мемлекеттік маңызы бар стратегиялық нысандарды қирату. Оның ішінде оргтехникаларды ұрлап кету, ғимараттарды бұзу, автокөліктерді өртеу процесіне дейін барған бұзақылар.
 
Қанды қырғын кезінде 21 полиция қызметкері, 17 ұлттық «Ұлан» сарбазы жарақат алып, біреуі көз жұмған. Қаза тапқан Мадияр Қайсаровтың өліміне күдікті қамауға алынды. 31 жастағы қала тұрғынының үстінен екі бап бойынша іс қозғалды.

Гүлжахан ҚАЙЫРБЕРГЕНОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Орын алған дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 15-тармағымен яғни, жаппай тәртіпсіздік барысында адам өлтіру және 380-бабы 2-бөлігінің 5-тармағымен басқа адамдардың өміріне қауіп төндіріп, әскери қызметшіні қазаға ұшырату сотқа дейінгі тергеп, тексеру әрекеттері жүргізілуде.   


Мамандардың мәліметінше, антитеррорлық операция кезінде 49 күдікті қамауға алынған. Олардан 3 атыс қару, 13 суық қару мен дубинка, каска сынды заттар тәркіленген. Одан бөлік төтенше жағдай ережесін бұзып, әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатқан тұрғындар да бар.

Азамат ОСПАНОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Қызылорда облысы полиция департаментіне төтенше жағдай кезінде 381 адам жеткізіліп, әрқайсысына құқықтық баға берілді. Оның ішінде, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 43 азаматқа әкімшілік кодекстің 476-бабымен әкімшілік шара көрілді. Және заңсыз митингке шыққаны үшін 488-бабының 6-бөлігімен 31 азаматқа шаралар көрілді.

Аймақта жағдай тұрақты болғанымен, қауіп әлі сейілген жоқ.

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Қазір біз қаладан шыға берістегі блок бекеттердің бірінде тұрмыз. Мұнда 6 әскери қызметкер, 6 тәртіп сақшысы күндіз-түні кірпік қақпай кауипсиздикти күзетуде. Олар арнайы қару-жарақтармен қамтамасыз етілген. Және «Арлан» әскери көлігі де бар. Қала аумағында дәл осындай 5 блок бекет бар.

Тұрғындар қалыпты тірлікке көшкенімен, қалада қарақшылардың ізі  әлі  байқалады. Есік-терезесі қирап, қара күйеге боялған ғимараттар қаралы күннен хабар беріп тұр.

М. Тоқтасынқызы