Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде полицейді көлікпен басқан жүргізуші қамауға алынды

  • AstanaTV
  • 13 қаңтар 2022
  • 1509

Ақтөбеде  жаппай тәртіпсіздіктер кезінде полиция қызметкерін көлікпен басып өткен жүргізуші қамауға алынды. Күдіктінің әрекеті әкімдік ғимаратының  сыртқы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Көліктің астында қалып, жарақат алған тәртіп сақшысы Данияр Сейдуллин қазір ем алып жатыр, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.  Облыстық коммендатураның ақпараты бойынша, өткен түні тыйым салынған уақытта көшеде жүрген 147 адам ұсталған. 92-сі әкімшілік жауапқа тартылды. Блок-бекеттердің бірінде тоқтатылған "Мицубиси" автокөлігінен 16-шы калибрлі ИЖ аңшы мылтығы табылған. Мылтық иесіне әкімшілік хаттама толтырылды. Бұдан басқа, полиция блок бекетте Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны жүргізген "Газель"автокөлігін тоқтатқан. Машина Ресейде ұрланған көліктер тізімінде екені анықталды. Жүргізуші Маңғыстау облысына қызанақ апара жатқанын айтқан. Ақтөбедегі қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен оған қарасты барлық мекемелерде де күзет күшейтілген. Түрмелерде сырттан азық-түлік қабылдау тоқталды.  Ал қоныс колониясындағылар төтенше жағдай тәртібі аяқталмайынша жұмысқа бармайды.

Бақытжан ЕЛЕУОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Сәлемдемелер мен бандерольдар алу және жіберу, туыстармен ұзақ және қысқа мерзімде кездесу уақытша шектеледі. Сонымен қатар қауіпсіздігі барынша төмен мекемесі шегінен тыс жердегі кәсіпорындарда жұмыс істейтін сотталғандар жұмыс орындарынан шақыртылады.


Ал Атырауда жаппай тәртіпсіздікке қатысқан күдіктіден атыс қаруы тәркіленді.  Полицейлер оның қаланың орталық көшелерінің бірінде автоматты көлігіне салып жатқанын бейнебақылау камерасынан көрген.  30 жастағы азаматтың үйін тінту кезінде қару табылды. Қазір құзырлы орган өкілдері суық қарудың кімге тиесілі екенін анықтап жатыр. Сондай-ақ жаппай тәртіпсіздік кезінде әскерилердің  қорғаныс құралдары мен оқ өткізбейтін бронжилетін  алып кеткен бұзақылар да ұсталды. Олардың бірі -бұрын заңсыз психотропты дәрілерді сатып алғаны үшін жауапқа тартылған 25 жастағы қала  тұрғыны.  Жалпы облыс бойынша 500 адам ұсталған. Ал блокбекеттердегі тексеріс кезінде 10 аңшы пышағы мен 1200ден астам есірткі заты тәркіленді.  

Хамза ҮМБЕТҚАЛИЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:


Қылмыстық істер жүргізіліп жатыр, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Әкімшілік тәртіп бұзғандар да шақырылып, соларға байланысты  жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Б. Надірқызы