Қостанай облысында жағдайдың тұрақталуына байланысты 11 блокбекет жұмысын тоқтатты. Тек Ақмола, Ақтөбе облыстарымен шектесетін әкімшілік аумақтардағы 3 бақылау бекеті алынған жоқ. Өңірде төтенше жағдай режимі сақталған. Қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті әскерилер мен полиция тәулік бойы қадағалауда. Еліміздің мұнан өзге де аймақтарында жаппай тәртіпсіздікке қатысқан бүлікшілерді ұстау шаралары жалғасуда. Бас прокуратураның мәліметінше, елімізде осы уақытқа дейін 5 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 2 мың адам қамауға алынды. Толығырақ тілшіміз Бекболат Сатуов айтады.
Қостанайда жаппай тәртіпсіздік кезінде 700-ге жуық адам ұсталған. Олардың кейбірі босатылды. Жалпы төтенше жағдай жарияланғаннан бері облыста сот шешіміне сәйкес 358 адам әкімшілік жазаға тартылған. Оның 300-ден астамы 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алынса, 11-іне айыппұл салынып, 36 адамға ескерту жасалды.
Шымкент қаласында коменданттық сағат режимін бұзғаны үшін 204 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды және олардың 75-і қамауға алынды. Қаланың шекаралық аймақтарына қойылған блокбекеттерде 15 мыңнан астам автокөлік тексерілді. Нәтижесінде жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 9 адам ұсталды. Олардан 2 газ тапанша тәркіленген. 77 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Күдіктілерден шолақ мылтық, травматикалық тапанша, патрондар мен ұрланған телефондар тәркіленді.
Жамбылда да антитерролық операция жалғасып жатыр. Қала тыныштығын арнайы жасақ тәулік бойы күзетуде. Күштік құрылымдар қазір аймақты бақылау үшін барлау ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданып жатыр. Олардың көмегімен әскери қызметшілер блокбекеттер мен қаладағы қозғалыс жіті назарда ұстап отыр. Облыс бойынша блокбекет саны 36-ға көбейді. Кіріп-шығу қақпаларында көліктерді тәртіп сақшылары қатаң тексеріп, тінту жүргізуде. Тараз қаласында жаппай тәртіпсіздік салдарынан 200-ден аса құқық қорғау қызметкері түрлі жарақат алған, 149 қызметтік автокөлік бүлінген. Ұсталғандардан жалпы саны 104 қару-жарақ тәркіленген.
Ақтөбеде коменданттық сағат талабын бұзған 81 адам ұсталды.Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру, билік өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық, ғимараттарға шабуыл жасау мен лаңкестік әрекеттер бойынша барлығы 14 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 12 адам уақытша ұстау изоляторына орналастырылған. Сот шешімімен 7 азамат қамауға алынды.
Б. Сатуов