Русский Сайттың толық нұсқасы

Антқа адалдық: Ақтөбеде әскеридің әрекеті көпшілікті тәнті етті

  • AstanaTV
  • 18 қаңтар 2022
  • 1772

Ақтөбеде  жаппай тәртіпсіздік  кезінде арандатушылардың азғыруына ермей,  әскери мінезбен табандылық танытқан сарбаздың әрекеті әлеуметтік желіде кызу талқыланып жатыр.  Антына адал әскери қызметкерді қолдап-қошеметтеп, пікір жазып жатқандар өте көп. Көпшіліктің көңілінен шыққан сарбаз кім? Қай бөлімде қызмет етеді? Толығырақ тілшіміз Гүлвира Сейтенова айтады.

Қауіп-қатерге  қарамастан, қарсы алдындағы адамға күлімсіреп, жылы сөйлеп тұрған бұл әскери  қызметкер - Ұлттық ұланның  Ақтөбедегі № 6655-әскери бөлімінің лейтенанты, 23 жастағы Ұлан Мырзабай.  Сол күні  Ақтөбе облысы әкімдігі алдындағы алаңда алдыңғы шепте тұрған. «Митингке қатысушылар  бір кезде маған жақындап, өз жақтарына шығуға үгіттей бастады. Бірақ мен бұйрықтың аты бұйрық екенін айттым», дейді сарбаз.

Ұлан МЫРЗАБАЙ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАНЫ «БАТЫС» ӨҢІРЛІК ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫ 6655-ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ САРБАЗЫ:

Әскери адам болғандықтан бұйрықты тыңдаймыз ғой. Адам көп болды. Бәрі бес саусақтай бірдей емес, Әр адамның ойы болды. Біреулері жақтады, біреулері қарсы болды. Үкіметтің адамысың, халыққа қарсысың деді. Біз үкіметті қорғаймыз, үкімет заңды қорғайды, халықты қорғайды.

Бір сәтте әлеуметтік желіде танымал болған жігіт өте қарапайым. Ақтөбедегі әскери бөлімде жарты жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазір артиллериялық-зенит дивизионының взвод командирі. Қарамағында 35 сарбаз бар. Астанадағы «Жас ұлан» әскери мектебінде оқып, былтыр Ұлттық ұланның Петропавлдағы әскери институтын бітірген. "Әскери оқу орнында алған білімім сын сағатта үлкен көмек болды", дейді Ұлан.  

Ұлан МЫРЗАБАЙ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАНЫ «БАТЫС» ӨҢІРЛІК ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫ 6655-ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ САРБАЗЫ:

Өзім оқыған кезде адам саған жаман қарап, арандатып жатқан кезде я отырған кезде сөйлессе адам сенімді болады, жағдайды ушықтырмайды.  Немесе күліп сөйлескен кезде әңгіме жеңіл болады, сол есіме түсіп кетті.


Алматы облысының Қапшағай қаласында туып-өскен жігіт әжесінің қолында тәрбиеленген. Кішкентайымнан Қапшағайдағы №35 әуе-десант әскерін көріп өстім, сол себепті әскери адам болуды армандадым дейді Ұлан. Баласының  елдің нағыз қорғаны болып өскеніне әжесі риза.

Шынар ҚАРАБАТЫРҚЫЗЫ, ҰЛАННЫҢ ӘЖЕСІ:  

Мен ол кезде қорқып, жылағым келіп, жүрегім ауырды, көріп алдым да, қорқып кеттім,бірдеңеге ұрынып қалмаса екен, аман болса екен деп, осындай шудың өзінен жүрегім аузыма тығылды. Енді қазір ойлап отырсам, өзін-өзі қалай ұстап тұр, өзін-өзі мықты үлкен кісілер сияқты сөйлеп тұр. Сондай достойно сөйлегеніне, дұрыс жауап бергеніне керемет риза болып отырмын.  


Еліне адал ұл өсіргені үшін Ұланның әжесіне Ұлттық ұланнан алғыс хат пен "Отан қорғаушының анасы" кеуде белгісі табыс етілді. Ал, Ақтөбе облысының әкімі  үлгілі антына адалдық танытқан сарбазды  мақтау қағазымен марапаттады.   

Г. Сейтенова