Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан содырлардың жерленген жері анықталды

  • AstanaTV
  • 20 қаңтар 2022
  • 1367

Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан содырлар жерленген жасырын орын  анықталды. "Лаңкестер мұндай әрекетке қылмысын жасыру үшін барған" дейді полицейлер.  Сондай-ақ бүгін,  қанды қырғын кезінде жұртқа қару таратқан күдіктілер құрықталды. Толығырақ әріптесім Әсем Лесбек баяндайды.

Қақтығыс кезінде бүлікшілерге жаппай қару таратып жатқандардың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Полицейлердің айтуынша,күдіктілер қару-жарақ дүкендерін тонап, қаруды алаңдағыларға әкеп үлестірген.   Жедел іс-шаралар барысында күдіктілердің жеке басы анықталып, көп ұзамай құрықталды.

Күдіктілердің жасы -19-20-да. Олар  қамауға алынды. Істің егжей-тегжейі тергеу кезінде анықталмақ.
 
Бүгін сондай-ақ, әуежай қызметкерлері  оқиға куәгері ретінде лаңкестердің шабуылы туралы ақпараттармен бөлісті.  
 
Досан ТӘШЕКОВ, АЛМАТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Естідім терезе шағылып жатқанын, айқай-шу болып жатқанын. Мен осы поляда болдым. Автобус келді осы жерге. Аэропорттың қызметшілері жүгіріп жүрді. Бәрін шығарып осы жерден автобуспен әкете бастадық.
 
Амангелді МАҢҒЫТАЕВ, АЛМАТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫНЫҢ АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:

Әрине қорықтық. Бәрі аяқ-асты болып кетті. Бірақ жұмыс орнымызды тастамадық. Әр автобус 4-5 рейс жасап жолаушыларды қауіпсіз жерге тасыдық. Кішкентай балалар шошып жылап жатты.
 
Содырлар әуежайдағы  дүкендер мен банкоматтарды қиратқан. Жолаушылардың жеке заттарын  тонаған.    

Аида ҚАСЫМБАЕВА, АЛМАТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ ӘУЕ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ДИСПЕТЧЕРІ:

Алаңда тұрған барлық ұшақтарды алысырақ тұрақтарға апардық. Ал Алматыға ұшып келе жатқан ұшақтарға мұнда қонбау туралы хабарладым. Олар балама аэродромдарға барды.

 
Бүгін қалада  лаңкестердің жасырын жерленген зираты анықталды. Бұған дейін полиция департаменті  содырлардың мәйітханадан 41 мәйітті ұрлағанын мәлімдеген болатын. Өзге ақпараттар тергеу мүддесі үшін жарияланбайды. Сондай-ақ, бүгін,   шаһар басшысы бүлік кезінде жарақат алғандарға өтемақы берілетінін айтты.

Бақытжан САҒЫНТАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Тәртіпсіздік кезінде жарақат алған құқық қорғау органдары мен медицина қызметкерлеріне, өрт сөндірушілерге өтемақы төленеді. Ауыр жарақат алғандар- 2 миллион теңге, орташа жарақат алғандар -1 миллион, жеңіл жарақаттанғандар- 500 мың теңге алады.


Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Сондай-ақ Сағынтаев зардап шеккен кәсіпкерлерге жеңілдік жасалатынын жеткізді.  Олар 3 ай коммуналдық қызмет ақысынан босатылады. Оған қоса  нысанды жалға алушылар 6 ай  жалдау құнын төлемейді. Ол  жергілікті бюджет есебінен  реттелмек.  


Ә. Лесбек