Қостанай облысындағы Айсары ауылының тұрғындары ауыз суға жарымай отыр. Елдімекенге аптасына бір рет аудан орталығынан көлікпен су әкелінеді. Бірақ ол көпшіліке жетпей қалатын көрінеді. Тіпті судан тарыққан тұрғындар кейде қарды да ерітіп ішуге мәжбүр екендерін айтады. Ауылдағы ағайынның мұқтажын тілшіміз Заңғар Санай жеткізеді.
Ауыл тұрғындары қара суды сатып ішіп, жетпей қалса қар ерітіп әбден қажығандарын айтады. Ал көлікпен жеткізілетін судың әр флягі -125 теңге. Оның өзінің тазалығына күмәндіміз, дейді жұрт.
Әмір ҚАЙЫРОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Асты міне лайланып тұрады. Шөп сияқты бірдеңе жүреді кейде ішінде. Құбырдың, топырақтың дәмі шығып тұрады.
Айсарыда бірнеше құдық бар.Оның суы малға беруге және кір-қоң жууға ғана жарамды. Бірақ ауыл адамдары кейде амалсыздан сол ащы суды ішуге мәжбүр.Соның салдарынан денсаулықтың да сыр бергенін айтады.
Әбдір АЙТЖАНОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Сол ащы су күн көріп жатқанымыз. Бірақ енді бойымызды түгел тас алып болды.Ащы судан тас жиналады дейді ғой.Бүйрек, қуық, тас жиналып болды.
Сағындық ЗАРЛЫХАНОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Шелектеп су тасып жүреміз осылай.Жағдай жоқ міне.Өзім 72 жастамын. Суымыз үйге кіріп тұрса, газ болса, біз де адам сияқты өмір сүргіміз келеді.
Ауыл әкімі ауыз су мәселесі алдағы екі жылда толық шешіледі дейді. Айсарыға құбыр тартылады. Оған қажетті қаражат қазынадан бөлініп, жоба бекітілген.
Бауыржан НҰРҒАЗИН, АЙСАРЫ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:
Биыл 1 миллиард ақша бөлінді.Осы ақпан айының басында конкурс өткіземіз 460 миллионға. Екі жылдық жоба биыл басталады. Келесі жылы Алла қаласа аяқталады.
Аймақтағы ауылдарды ауыз сумен қамту үшін 29 жоба жүзеге асырылмақ. Соның ішінде 15 елдімекен орталық желіге қосылады. Ал Айсары тұрғындары жоспар бойынша алдағы екі жылдың ішінде таза суға қол жеткізбек.
З. Санай