Русский Сайттың толық нұсқасы

«Ақтөбе» ӘКК-нан жер алған кәсіпкерлер шығынға батып отыр

  • AstanaTV
  • 01 ақпан 2022
  • 1848

Ақтөбелік бір топ кәсіпкер "шенеуніктердің кесірінен миллиондаған шығынға баттық" деп шу шығарды.  Олардың айтуынша,  «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы субарендаға жер учаскесін алып, сауда үйі, көлік жуу орталығы секілді нысандар салған.  Енді прокуратура бұл жер телімдері заңсыз берілген деп, мемлекетке қайтаруды талап етіп жатыр. Екі оттың ортасында қалған бизнес иелері енді не істерін білмей дал.  

Талғат Дүйсенбаев 2018 жылы «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы Батыс-2 ауданынан жер учаскесін алып, гүл салонын ашқан.  Сауда нүктесін жарақтау үшін 4,5 миллион теңге жұмсадым дейді. Енді кәсіпкерге үш жыл тұрақты табыс әкелген салонды бұзу туралы соттың  шешімі шыққан көрінеді.  

Талғат ДҮЙСЕНБАЕВ, КӘСІПКЕР:

Соттың өткенін жақында ғана білдім. Судья біздің павильонды бұзу керек деген шешім қабылдаған. Маған соттың болатыны туралы ешкім ескерткен жоқ. Бірақ, сот актілерінің бәрінде менің қатысқаным жазылған. Қазір не істерімді білмей отырмын.


Ақтөбедегі 20 шақты кәсіпкер Талғаттың күйін кешіп отыр.  Олар бүгін «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ғимаратының алдында жиналып, не жер учаскесін, не кеткен шығынды өтеуді талап етті. Шығын көлемі аз емес. 3,5 миллион теңгеден 20 миллион теңгеге  жетеді.  

Әдемі ШЕКТІБАЕВА, КӘСІПКЕР:

Не себепті, неге дұрыс емес екенін білмейміз. Қолымызда договор бар ма? Бар. Оның бәрі ЦОН-да тіркелді ме? Тіркелді. Болды. Біз стройматериал сатып алдық. Бизнес-жоба жасадық. Енді бізге ешкім ақшамызды да бермейді, жерімізді де бермей жатыр. Әкімге де жаздық. Ешкім бізге жауап бермейді. Бұл мәселе жоқ сияқты.

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері жер учаскелерін қайтаруға қатысты істің ауданаралық экономикалық сотта қаралып жатқанын растады. Басқарушы Әділ Алдашевтің айтуынша, прокуратура жер учаскелері инвестициялық емес жобаларға берілген деп, қалалық әкімдікке заңсыздықты жоюды тапсырған. Корпорация өкілі мұнымен келіспейді.

Әділ АЛДАШЕВ, «АҚТӨБЕ» ӘКК ДИРЕКЦИЯ БАСҚАРУШЫСЫ:

Кәсіпкерлер жобаны жүзеге асыру үшін шығындалады, яғни  инвестиция тартады. Демек, олар қаланың дамуына инвестиция құяды деген сөз. Ал, шығынды қайтару мәселесіне келсек, егер сот оң шешім шығарса, бұл мәселе қалалық әкімдікпен бірге қаралады.


Дегенмен, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация бірінші сотта жеңіліп қалды. Бірақ, қайта аппеляциялық шағым түсірген. Олар  әлі де инвестициялық жобаларын дәлелдемек. Ал, қалалық жер қатынастары бөлімінің ақпараты бойынша, қазір 22 жер учаскесіне қатысты іс сотта қаралып жатыр.

Ислам ІЗБАСҚАНОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Егер сот шешімі заңды күшіне енсе, инвесторлар қайтадан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жүгініп, заңды тұрғыда инвестициялық келісім-шарт жасауы керек. Содан кейін ғана әкімдік инвестициялық мақсаттарға жер бөлуге дайын.

Әкімдік пен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арасындағы тартыс әзір аяқталмайтын түрі бар. Ал біз  қыруар шығынға ұшырайтын болдық дейді кәсіпкерлер.  

Г. Сейтенова