Русский Сайттың толық нұсқасы

160 миллиард АҚШ доллары шетелдік офшорларға құйылып келген,- депутат

  • AstanaTV
  • 02 ақпан 2022
  • 1320

Елімізде соңғы 25 жылда қыруар қаржы шетелдік офшорларға құйылып келген. Депутат Мақсат Раманқұлов осылай деді. Оның дерегінше, сыртқа кеткен қаражат бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең. Депутат сауалында тағы не айтты? Су жаңа төрағамен өткен жиында тағы қандай мәселелер көтерілді? Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Мәжілістің бүгінгі отырысы өзге жиындардан өзгеше өтті. Депутаттар Үкіметке сауалды қарша боратты. Бірі министрге сын артса, енді бірі қаржы маниторинг агенттігіне шүйлікті. Мәжілісмен Мақсат Раманқұлов шетелдік офшорларға шығарылған ақшаның көлемін анықтапты. Соңғы 25 жылда шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шекара асқан. Қомақты қаражат бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең деп отыр. Судыңда сұрауы бар деген депутат, агенттікке осы күнге дейін сыртқа кеткен қаражаттың қаншасы қайтарылды деп сауал жолады.

Мақсат РАМАНҚҰЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Кейбір мәліметтерге сәйкес, соңғы бес жылда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары каражатты шетелге заңсыз шығару фактілері бойынша екі жүзден астам іс қозғаған. Алайда, нақты нәтижелері туралы ештеңе белгісіз. Сонымен қатар, қаңтар қасіреті кезінде кейбір олигархтар Қазақстаннан жеке ұшақтармен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны шетелдегі есепшоттарға аударған туралы ресми емес ақпарат бар.

Ал, депутат Берік Дүйсенбинов болса квазимемлекеттік сектордың ішкі бюджетіне қызығушылық танытты.  Мемлекет тарапынан қаржыландырылса да, қаражатты қалай жұмсап жатқанынан бейхабармыз дейді.

Берік ДҮЙСЕНБИНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Олардың қандай табыс тауып және оны қалай ұстайтындарын да ешкім білмейді. Дәл осы жерде жүйелі бұзушылық орын алып, жемқорлық тамырын жаюда және мемлекет есебінен еш шектеусіз баю көзіне айналған. Шығынға белшесінен батып жатса да, менеджерлер өздеріне миллиондаған сыйақы бөліп, бүкіл халықтың мойнына жүктелетін сыртқы қарыздың қомақты бөлігін қалыптастыруда.


Мәжілісмен Динара Зәкиева болса үкіметке балаға төленетін жәрдемақыны көтеруді ұсынды. Себебі оның дерегінше, елімізде әрбір оныншы бала, аз қамтылған отбасында тұрып жатыр. Ал оларды қолдаудың бірден-бір тетігі тек әлеуметтік көмек қана дейді. Сондықтанда мәжлісмен әлеуметтік көмекті бала басына қарай арттыру керек дейді

Динара ЗӘКИЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бүгінде 1 млн 145 мың отбасы дағдарыс жағдайында, ал қолайсыз жағдайда деп есепте тұрған отбасыларда 12 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Нәтижесінде әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі көбінесе бала құқықтарының бұзылуы мен қайғылы салдарларға, яғни оның балалар үйіне түсуіне және зорлық-зомбылыққа әкеп соғады.


Депутат осылайша балалар жылын құр ұрандатумен ғана өткізбей, нақты іспен қолдау көрсетуге шақырды. Сондай-ақ, мәжлісмен балаларға жасалынатын құқықбұзушылықтарға да тоқталды. Оның дерегінше өткен жылы балаларға байланысты күніне кем дегенде 6 қылмыстық іс тіркеліп отырған екен. Сондықтанда ол бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, құқықығын қорғайтын, отбасы институтын мықтап жолға қою қажет деді.

Б. Сатуов