Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысының қос дәрігеріне қатысты сот процесі басталды

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2022
  • 2130

Атырау облысында тағы да дәрігерлердің соты басталды. Бұл жолы Құрманғазы аудандық ауруханасының хирургі мен реаниматологі айыпталуда. Олар абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет бойынша жауап беруде. Егер кінәлары дәлелденсе, 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ісі сотта қаралып жатқан қос дәрігер, әзірге қызметтерін жалғастыруда.

44 жастағы облыс тұрғын Бекдидар Көргенәлиев 2020-шы жылдың 29-шы желтоқсанында өзін жайсыз сезінген соң, дәрігерге жүгінген. Ақ халаттылар "пневмония" диагнозын қойып, ауруханаға жатқызыпты. Туыстарының айтуынша, ПТР нәтижесі шықпай жатып, ковидпен емделіп жатқан науқастардың қасына орналастырған. Екі күннен соң жағдайы тіпті нашарлаған. Ал Жаңа жыл мерекесінде ауруханада кезекші дәрігер болмай, оны үйінен полициямен алдыртқанын айтады.

Ика СЕЙІТЖАН, МАРҚҰМНЫҢ ҚАРЫНДАСЫ:

31-і күні дежурный врач болған жоқ. оны үйінен алып кету үшін полицияның көмегіне жүгінуге тура келді. Врачтардың салғырттығынан 1 қаңтар күні 2021 жылы ағам көз жұмды. Одан кейін бір жылға жақын уақыт өтті. Іс егжей тегжей зерттелді. Сараптама Ақтөбе облысының сот сараптамашылары, ағамды дүрыс емдемегендерін дәлелдеп берді және керекті дұрыс дәрігерін салмағандарын, керексіз дәрігермен емдегенін дәлелдеп қорытынды шығарды.


Сол кездері ауруханада қажетті дәрі-дәрмек те болмапты. Өкініштен аһ ұрған марқұмның туыстары жағдайды ашып айтқанда, облыс орталығына алып кетер едік,- дейді. Жалғыз ағамнан айырды деп зар жылаған Ика Сейітжан ақ халаттылар тіпті кешірім сұрап  та келмеді деп отыр.  Қазір — 37 жастағы реаниматолог пен 30 жастағы хирургке қатысты сот процесі басталды. Оларға кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауынан абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет  бабымен айып тағылған. Дейтұрғанмен аурухана басшылығы басы дауға қалған қос дәрігер қызметін жалғастырып жатқанын айтты.   

Светлана ХАМЗИНА, ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ:


Ол кісілер жұмыста. Оларда сот процесі басталып жатыр. Сот біткеннен кейін белгілі болады. Қосымша орынбасар қызметін атқарды емдеу ісі жөніндегі. Қазір одан босатылып, дәрігер хирург болып істеп жатыр. Екіншісі реаниматор жұмысын істеп жатыр.


Басшылыққа тағайындалғанына көп болмаған Светлана Хамзина тәртіп бойынша кезекші дәрігер, кешкі сағат 9-да, таңертеңге 9-ға дейін аурухана ішінде болуы тиіс,- дейді.  Ақ халаттылардың бейқамдығы мен салғыртығынан қайтыс болды деген марқұмның туыстары  соттың әділ жаза беруін күтіп отыр. Егер дәрігерлердің кінәлары сотта дәлелденсе, 5 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін.

Б. Надірқызы