Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізге 300-ден астам босқын келген

  • AstanaTV
  • 07 ақпан 2022
  • 1265

Елімізде ішкі істер органдарында 342 босқын тіркеуде тұр. Олар  Ауғанстан мен Сириядан келген.  Оңтүстік өңірлерге қоныстанған өзге ел азаматтары қалай өмір сүруде? Әлеуметтік мәселелері қалай шешіліп жатыр? Босқыннан келер қауіп бар ма? Тілшіміз Тәжімұрат Әлжановтың репортажы.

Тәжімұрат ӘЛЖАНОВ, ТІЛШІ:

Сәт сайын қақтығыс, мұздай қаруланған әскерилер. Бұл жағдай кім-кімнің де   тынышын  алары анық. Бас амандығы үшін қолға ілінгенін алып, шекара асады.  Құшағын жайып, күтіп отырған ешкім жоқ. Алда не боларын білмейді, бірақ басқа амал жоқ, тек сойқаннан сытылып шыққанына қуанады. Сөйтіп, босқын атанады. 


Әбдүлкабир Абдулуакилхан Қазақстанға Ауғанстаннан 2007 жылы көшіп келген. Әдепкіде баспанасы да, жұмысы да болмаған.  Құжат рәсімдеуде қиындықтар болды дейді.  Кейін біршама реттелген көрінеді.  Жақында күйеу баласы да ауған жерінен осында көшіп келіпті. Енді соның шаруасымен жүрміз дейді.  

Әбдүлкабир АБДУЛУАКИЛХАН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауғанстанда жұмыс жоқ. Система жоқ. Үкімет жоқ. Жұмыс обшым жоқ. Не магазин, не халықта жұмыс жоқ. Бәрі басын алып қашып жатыр ғой. Ауғанстанда амал жоқ шыдап отырды. Бала-шағасы осында болғасын келмесе болмайды ғой.


Қақтығыс ортасынан келгендіктен  босқындарды қоғамда  қауіпті санайтындар аз емес. Әлеуметтанушы Нұрлан Байғабылов  олардың келетін   еліне   мән берген дұрыс дейді. Ал келген екен,  әлеуметтік мәселесін шешу үшін оңтайландырылған бағдарлама әзірленуі керек  екенін айтады.

Нұрлан БАЙҒАБЫЛОВ, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ:

Қоғамдық пікір бұл жақта әрине екі түрлі. Бір жақтан қабылдау мәселе, екінші жақтан қажет емес. Яғни, босқындарды қабылдаудан өзімізде де ішкі мәселелер көп дегендей. Қазақстанның әлеуметтік шынайылығында өзіндік оңтайландырылған бағдарлама аясында қабылдауға болады.

Осыған дейін босқындардың әлеуметтік мәселесімен ішкі істер органдары айналысатын. Енді ол  жұмыс  еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелді.  

Сабыржан СЕЙІТЖАНОВ, ҚР ІІМ КӨШІ-ҚОН ҚЫЗМЕТІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

ЕҚЫҰ-ның босқындармен жұмысы негізінен оларға әлеуметтік көмек көрсетуге, медициналық қызмет көрсетуге және білім беруге бағытталатын болады.Бұл жұмысты «азаматтық органға» беру барынша құқықтық және әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етіп, қиын өмірлік жағдайға тап болған шетелдіктердің, оның ішінде босқындардың мәселелері тиімдірек шешіледі деп ойлаймыз.


Бұл -босқындардың қоғам тіршілігіне сіңісіп кету үшін жасалған бастама. Бірақ нәтижесі қалай боларын уақыт көрсетеді.

Т. Әлжанов