Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауа райының қолайсыздығынан жолда қалғандар құтқарылды

  • AstanaTV
  • 07 ақпан 2022
  • 1234

Түркістан облысында   ауа райының қолайсыздығына байланысты кейбір республикалық және облыстық маңызға ие   жолдар жабылды. Төтеншеліктердің дерегінше,  53 автокөлік қар құрсауында қалған.

Көктем қыр астында тұрғанда  қыс қайта қаһарына мінді.  Өңірде көктайғақ пен ақ түтек бораннан қозғалыс қиындады. Төтеншеліктер жолда қалған 23 адамды  жылыту орталығына жеткізген.  Барлығының жағдайы жақсы, медициналық көмек қажеттігі туындамаған. Құтқарушылар шалғай аудандарда   қарға батып, қаңтарылған көліктерді де сүйреп  шығарып жатыр.  

Иса ЕЛЕУСІЗОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

 
Қазіргі таңда облыстық маңызы Ащысай мен Кентау қаласының аралығындағы , сосын Созақ-Ұландыбел   арасындағы , Мұздыбел асуы уақытша бүкіл техникалардың қатынасына  уақытша шектеу қойылған.  Қазір осы уақытша шектеу қойылған жерлерде оңтүстік жолар мекемесінен 10 техника, 22 қызметкер жұмылдырылып, жолды ашу жұмыстарын жүргізуде.   
 
Қостанай облысында  да дауылды ескертуді елемей жолға шығып, қаңтарылып  қалғандар  көп. Соңғы екі күнде қар құрсауынан отызға жуық адам құтқарылған. Құтқарушылар Амангелді ауданының аумағында қарға батқан 4 жеңіл көлікті шығарды.  Қамысты ауданындағы Свободное ауылы тұсында да  жеңіл көлікпен айдалада қалған    6 адамды құтқарды , арасында жүкті әйел де бар, олар жақын маңдағы ауылға жеткізілді.   

Данияр ҒАЗЕЗ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТЖ ДЕПАРТАМЕНТІ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ:

Алтынсарин ауылында адамдарға медцициналық көмек көрсетілді. Себебі көлік жүргізушісінің сол аяғын аздап үсік шалған. Ауылдық округ әкімі ыстық тамақ пен жанармай құйып беруді ұйымдастырды. Осыдан кейін автокөліктегі жолаушылар  құтқарушыларға  алғыс айтып Нұр-Сұлтан қаласына қарай жолға шықты.

А. Төребекқызы