Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қарызға батқан азаматтар мен кедей адамдар саны көбейген", - Президент

  • AstanaTV
  • 08 ақпан 2022
  • 1192

Бюджеттегі тиімсіз әрі шағынды жобаларды анықтап, олардан түбегейлі бас тарту керек. Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Сөзінше, еркін экономикалық аймақтардың көбісі инвестиция тарту жұмысын қарық қылып орындамаған. Ал бұл істі реттеу үшін жарты триллион теңгедей көмек көрсетілген. Бірақ, сондай қолдаулар болса да қайтарымы болмады деп сынады. Бұдан бөлек, халықтың табысын көтеру жайына да тоқталды. Үкімет басындағыларға бірқатар тапсырма жүктелді. Жиындағы ең өткір тақырыптарға әріптесім Асылбек Данияр кеңірек тоқталады.

Үкіметтің алдындағы ең бірінші міндет - экономиканы өркендету. Ол үшін қосымша қаражат қарастыру керек. Бұл деген қарыз алу деген сөз емес. Керісінше, қолда бар дүниені пайдалану керек, деді Қасым-Жомарт  Тоқаев. Ол үшін ең әуелі ақшаны босқа шашпай, пайдасынан шығыны көп жобалардан бас тарту керек. Себеп: нәтиженің жоқтығы. Соңғы үш жылда еркін экономикалық аймақтарда өндірілген тауарлардың көлемі аз, деді. Жалпы ішкі өнім 1,5 пайыздан аспайды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Олардың экспорттық үлесін айтудың өзі ұят. Жалпы ел экспортының тек 0,1 пайызын құрайды. Осы мәселені реттейтін кез келді. Жаңадан тағайындалған индустрия министрі бұл түйткілдің шешімін табады деп ойлаймын. Еркін экономикалық одақтардың басшылығы пайдалы әрі тиімді жобаларды жүзеге асыруға құлықты емес. Олардың басшыларын тәртіпке шақырыңыздар. Үкіметке бір ай уақыт беремін. Заңға өзгеріс енгізуден бастап қажетті шараның бәрін қабылдаңыздар. Іштен және сырттан инвестор тартыңыздар.


Мемлекет басшысы шетелге заңсыз шығарылған қаражатты қайтаруды тапсырды. Ол үшін Үкімет 2 ай ішінде нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Бұдан бөлек, "Самұрық-Қазына" қорын түбегейлі реформалау керектігі тағы сөз болды. Әсіресе, мемлекеттік сатып алудың ашықтығына кеңінен тоқталды. Айтуынша, атқарылып жатқан істердің айтарлықтай нәтижесі жоқ. Бұл тендер өткізуге де қатысты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Самұрық-Қазына» қоры 12 ірі жобаны жүзеге асыруда. Бұл – энергиямен қамтамасыз етуге, газ өндіруге, темір жол инфрақұрылымын салуға қатысты жобалар. Жұмыстың жалпы құны – 3,4 триллион теңге.  Әрине, аталған нысандар халыққа қажет. Алайда, жобалардың құнына және мердігерлердің конкурссыз таңдалуына қатысты көптеген сұрақ туындайды. Оған мысалдар жетерлік. Сондықтан, мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін ашық халықаралық байқау өткізген жөн. Бұл қалыпты тәжірибеге айналуға тиіс.  

Инфляцияны ауыздықтау туралы айтылып келе жатқанына да біраз уақыт болды. Қазір бағаны өсірмеу үшін нарыққа тән емес әдістер қолданылдып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев жағдай осылай жалғаса берсе, арты жақсылыққа апармайтынын айтты. Ол үшін бақылау-реттеу тәсілінен жүйелі салалық шараларға көшу туралы тапсыра берілгенін жеткізді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Баға барлық елде жаппай өсіп жатыр. Соған қарамастан, біз инфляцияны 8,4 пайыздан асырмай ұстап қалдық. Бағаны өсірмеу үшін көбінесе нарыққа тән емес әдістер қолданылды. Осының бәрі - шарасыздықтан жасалған қадамдар. Мұндай ұстаным күндердің күнінде инфляцияның күрт өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін.

Сонымен қатар, Президент банктерді тиімді жобаларды несиелеуге ынталандыратын реттеу тетіктерін құру қажеттігін айтты. Мәселен, 2025 жылы инфляцияны 4 пайызға жеткізу керек. Бұл ретте Ұлттық банк тәуелсіз ақша-несие саясатын жүргізуі шарт, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Нақты экономиканы несиелендіруді де ұмытпау керек. Ол үшін арнайы бағдарлама бар. Проблемалық несиелер бойынша шығынды жабуға 700 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Алайда, несие көлемі мен қолжетімділігін арттыруға қатысты қозғалыс жоқ. Жоғары өтімді банк активтерінің профициті өсіп жатыр. Біз бұл мәселені білеміз, ол банктердің атын да білеміз. Қазір профицит 12 триллион теңгеге жуықтады. Бұл қаражат экономикаға, соның ішінде ипотекалық нарықтық бизнесті дамытуға жұмыс істеуі керек.

Мемлекет басшысы «Қазақстан халқына» қорының жұмысына тоқталды. Дәлірек айтқанда, қайырымдылыққа шетелдік инвесторлардың да игілік үшін ақша аударуына болады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен бұған дейін айтқан болатынмын, бүгін оны қалыптастыру негізінен ірі ұлттық буржуазия есебінен жүруі тиіс екенін тағы да қайталаймын. Дегенмен басқа компаниялардың, соның ішінде шетелдік инвесторлардың жарналары да құпталады. Бұл - мәжбүрлеу емес, әркімнің өз еркі.

Кәсіпкерлер әкімдердің артынан жүгірмеуі керек. Президент аудандық деңгейдегі шағын және орта бизнесті дамытуда әкімдерге жұмыс орындарын көбейту бойынша нақты меже қою қажет, деді. Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті жерлерде бизнес өкілдерінің санын арттыру үшін әкімдердің жұмыс тәсілін өзгертуді тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Аймақтарда жұмыстың алға басуы әкімге байланысты екені рас. Кәсіпкерлік бастаманың жолын кесіп, тежейтін де көбінесе әкімдер. Бұл ащы ақиқат. Тіпті қаржылай көмек бермек түгілі заң аясында әкімшілік көмек көрсетпейді. Мұндай жөнсіздікті шұғыл түрде доғару керек. Аудан әкімдеріне нақты меже қойылсын. Біз енді жұмыс тәсілін өзгертеміз. Кәсіпкерлер әкімнің соңынан жүгірмеуі керек, керісінше әкім инвесторды тартуы қажет.

Мемлекет алдындағы тағы бір жүктеме - теңсіздікті азайту. Президенттің айтуынша, елдегі 1 миллиондай тұрғынның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Салдарынан халық зейнетақы немесе әр түрлі әлеуметтік көмектермен күн көруге мәжбүр. Биыл бюджеттің 25 проценті осы бағытқа жұмсалған. Ал қағаз жүзінде бәрі керемет. Сөзінше, жауапты басшылар үнемі жалған есеп береді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл - соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл - нағыз көзбояушылық. Қарызға батқан азаматтар мен кедей адамдар саны көбейіп жатыр. Менің тапсырмам бойынша халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл құжатта тұрғындардың кірісін көбейтумен қатар, орынсыз шығынын азайтатын тың шаралар қарастырылуға тиіс.

Сондай-ақ, Президент сауда-саттықтағы делдалдыққа тоқтау салатын кез келді, деді. Оған мысал Алматыдағы "Алтын орда" базары. Сөзінше, бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз "майшелпекке" айналған. Қос өңір әкіміне үкіметпен бірлесіп, базарда тәртіп орнатуды тапсырды. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органдары атсалысады. Қателікті түзету үшін екі ай уақыт берілді.

А. Данияр