Русский Сайттың толық нұсқасы

«Аналарды жұбатуға сөз таппадық», - депутат

  • AstanaTV
  • 09 ақпан 2022
  • 1895

"Аналарды жұбатуға сөз таппадық". Кінәсі болмаса да, қаңтар оқиғасына қатысты деп  қамауға алынғандардың туыстарымен кездескен депутаттар осылай дейді. Айтуларынша, тергеу жұмыстарына қатысты  арыз-шағым көбейген. Сондықтан  олар бұл мәселеге байланысты арнайы комиссия құруды ұсынады. Толығырақ тілшіміз Тәжімұрат Әлжанов айтады.

Бүгін мәжілістің пленарлық отырысында құқық қорғау қызметін жетілдіру мәселесі қаралды. Сондықтан болар депутаттар «қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысты сауалды қарша боратты. Берік Дүйсенбинов оқиғадан кейін Алматыға барған. Ұсталғандардың туыстарымен кездескен.  Оның сөзінше, ұсталғандардың кейбіреулері жалпы топтың толқынына ілесіп, заңсыз әрекеттер жасағанын мойындап отыр. Сондықтан шалыс қадам басқан жастарға қатысты мемлекет тарапынан гуманизм таныту қажет дейді.
   
Берік ДҮЙСЕНБИНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AQ JOL» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Тергеу изоляторында жақында ғана балалар үйінен шыққан,  іздеушісі жоқ бірнеше жас бала бар. Олар үшін жазасын ауырлататын жағдай болмаса, мен, өз атымнан, босатуды талап етемін. Ал қамауда қалатындарға, тергеу барысына араласпай, азаптау мен ұрып-соғудан қорғауды, жарақат алғандарға немесе басқа мұқтаждарға медициналық көмек көрсетуді және адвокаттык қорғауды қамтамасыз етіп, тергеу амалдары кезінде қорғаушылардың міндетті түрде қатысуын талап етеміз.

Депутаттың айтуынша,қамауға алынғандардың туыстарынан олардың істерін әділ қарауды және жазықсыздарды босатуды сұраған 70-тен астам арыз түскен.  Жекеге шығып, араша болуды сұраушылар көп дейді.  Сондықтан арнайы комиссия құрып, өңірлерге жіберу жөнінде ұсыныс айтты. Ал прокуратура әрбір істі жіті бақылаймыз деп отыр.

Әсет Шындалиев, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Жасын, денсаулығын ескеріп, бұлттарпау шарасын 92 адамға қолданылып, босатылды. Тергеу кезінде 250 шағым түсті. 133 іс қозғалды. Әрбір іс бойынша прокурор тағайындалды. Бірде-бір іс назардан тыс қалмайды.

Сондай-ақ, мәжілісте құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау, оларға қойылатын талапрқа өзгеріс енгізу, зейнет жасы    сөз болды.   Президент қаңтар оқиғасынан сабақ алып, енді кемшілік жібермес үшін саладағы кейбір мәселелерді заңмен бекітуді тапсырған болатын. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осы мәселені де бірлесе қарау қажеттігін ескертті.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Менің білуімше, Сіздер маусым айында мәжіліске жолдамақсыздар. Оны қараймын дегенше қыркүйек болады. Бекітілгесін, келер жылы қолданысқа енеді. Президент тапсырмасын бір жыл қараймыз. Өзекті бола ма?   

Мәжілісмендер құқық қорғау қызметкерлерінің қазақ тілін білуін міндеттеу қажеттігін де айтты. Халық өз құқығын қорғау үшін заңнамалық түсіндіру жұмысын жетілдіру маңызды дейді. Оны қаңтар оқиғасы дәлелдеді. Тіпті халықаралық ұйымдар көмегіне жүгінгендер бар екен. Депутаттар ұсыныстардың сөз күйінде қалмауын бақыламақ.

Т. Әлжанов