Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда мемлекеттік бағдарламамен бой көтерген баспана бүлініп жатыр

  • AstanaTV
  • 09 ақпан 2022
  • 1695
Таразда мемлекеттік бағдарламамен бой көтерген тұрғын үйлер, жылға жетпей бүлініп жатыр. Жұрт іргетасы жарылып, қабырғасы қақ айрылған баспанада тұруға қорқады. Үш ай бұрын ғана кілтін алғандар да қоныстануға жүрексініп отыр. Себебі жаңа баспанада су, газ, жарық секілді коммуналдық қызметтер әлі күнге дейін қосылмапты. Базынасын айтып жиналғандардың шағымдарын, аймақтағы әріптесім тыңдап қайтты.

Қала билігі «Ұлы дала» атауын беруді ұсынып жүрген мына шағын ауданға,  бұқара "Айдала" деп ат қойып алған. Олай демеске шарамыз жоқ дейді. Мұндағы «Нұрлы жер» бағдарламасымен бой көтерген баспаналардың сапасы сын көтермейді. Жаңа қоныстың иелері көпқабатты үй іргетасының жылға жетпей жарылып жатқанына алаңдаулы. Өткен жылы ғана берілген баспана құрылысына 800 млн теңге жұмсалған.  
Нұрбол МАНАПОВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Үй құлайын деп тұр уже. Бұл жерде қаншама халық бар. 80 үй бар 80 үйде неше адам бар. Адамның өміріне қауіпті нәрсе мынау. Ертең құласа кім жауап береді бұған.

Қабырғасы сөгілген үйдің қасындағы, тағы бір көп қабатты нысанның тұрғындары осыдан үш ай бұрын ғана пәтерлерінің кілтін алған. Бірақ олар өз үйлеріне кіре алмай жүр. Себебі, коммуналдық желілер әлі күнге дейін іске қосылмаған.
 
Ақбілек СҰЛТАНОВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Әлі документ те өткізбеген. Кім жауапты десең анау анау білмейді ешкім. Біз далада сандалып жүргенімізге 3 ай болды. Не болды свет келе ма келмей ма деп. Айтпайды ешкім ешнәрсе.

Нүрила БЕКБЕРГЕН, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Бір келгенімізде электриктер жүрген. Суббота күні келдік, ертең міне понидельник қосымыз деді. Сол понидельниктің екі үшеуі өтті. 3 апта өтті әлі жоқ.


Ал, жауаптылар құрылысты қабылдап алғанда мұндай ақаулар болмаған деп ақталды. Бірақ, тұрғын үйді салған мердігердің кепілдеме уақыты бар, сондықтан қалыпқа келтіреміз деп жұбатты.  

Шыңғыс ӘЛИАСҚАР, ТАРАЗ ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ м.а:

Кепілдеме уақыты бес жыл. Соның аясында мердігер мекеме барлығын кем кетіктерін дұрыстап береді. 997 үйдің жағдайына келетін болсақ, бүгінгі таңда подвалына дейін ыстық су мен мұздай су келіп тұр. Тұрғындардың толық қоныстанбауына байланысты әлі қосқан жоқпыз.

Бұл ықшам ауданда қазір 70-тен астам тұрғын үй жаңадан бой көтерген. Тағы 46 көпқабатты баспананың құрылысы жүріп жатыр.  Тараздықтар жергілікті биліктен санға емес сапаға мән бергенін талап етеді. Олай болмаса "сырты бүтін іші түтін" баспананың жыры жалғаса береді деп отыр.

Б. Жұмабайұлы