Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысқан топтардың басшылары ұсталды

  • AstanaTV
  • 10 ақпан 2022
  • 1134

Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар  қылмыстық топтың басшылары ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция департаменті мәлімдеді. Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Өскемен және Қызылорда қалаларында жедел іздестіру шаралары жүргізілген. Нәтижесінде  жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар бірқатар қылмыстық топ басшысы мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстады.  Іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Марат ТӨЛЕУХАНОВ, ҚР ІІМ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
   
Жүргізілген арнайы операциялар кезінде 2 “Калашников” автоматы, 4 “Макаров” тапаншасы, 4 “Глок” тапаншасы, “ТТ” тапаншасы, помпалық мылтық, автоматты мылтық , “Сайга” тегіс ұңғылы карабині, “Оса” травматикалық тапаншасы, РГД-5 гранатасы және әртүрлі калибрлі 130-дан астам оқ-дәрілер тәркіленді. Барлық ұсталғандарға қатысты “күзетпен ұстау” бұлтартпау шарасы таңдалды.

Сондай-ақ, Бас прокуратураға құқық қорғау органдарының азаптаулары мен қысымдары туралы 250-ден астам шағым түскен. Оның 130 фактісі бойынша қылмыстық тергеу жүріп жатыр. Бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаевтың айтуынша, жедел қызметкерлер заңсыз әрекеттердің көпшілігін алғашқы жауап алу кезінде жасайды. Әсіресе, күдіктілермен оңаша қалған тергеушілер қызметтік ар-намысын  ұмытып, құқық бұзушылыққа жол береді дейді.

Ерлік КЕНЕНБАЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ұсталғандардың көбі өз құқықтарын білмейді және қорғаушылары да жоқ. Көп жағдайда полиция қызметкерлері осыны пайдаланады. Жалпы, қамауға алуға негіз болмағандықтан, прокурорлар 96 адамды уақытша ұстау изоляторынан босатты. Сондай-ақ ұсталғандарды өлтіру, азаптау, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша істер тергелуде.

Д. Жарқынбек