Русский Сайттың толық нұсқасы

"Биік ғимараттардан күннің қайдан шығатынын да білмей қаламыз",- тұрғындар

  • AstanaTV
  • 11 ақпан 2022
  • 1750

Елордалық тұрғындар  қат қабат салынып жатқан үйлерге қарсы.  Айтуынша, қалада тұрғын үй алқаптары өте тығыз орналасқан. Есіктің алдына шығып отыруға,таза ауа жұтуға   мүмкіндік жоқ дейді. "Биік ғимараттардан тіпті күннің қайдан шығатынын да білмей қалдық" деген көпшілік мәселені аудан әкімінің алдына қойды. Ал әкім бұған не деді? Тараптарды тыңдаған тілшіміз Динара Жарқынбек толықтырады.

Сарыарқа ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үй иелері кең   тыныстай алмай отырмыз дейді. Айтуынша, ғимараттар бір біріне тығыз салынып, саябақтар мен ойын алаңдарына орын қалмаған. Тіпті ағаш егетін    жер жоқ екенін айтады.  

Арман ЖҮСІП, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бір жерде де ағаш көрмейсіздер ғой. Барлық жерде гараждар. Олардың орнына тағы үй салынады. Көрдіңіз, ар жағында тағы үйлер салынып жатыр. Он жылда 3-ақ ағаш егілді. Өзіміз егеміз жылда, оны не кішкентай балалар, не басқалар жұлып тастайды.

3 жыл бұрын әкімшілік бұл  аудандағы гараждарды алып, орнына бірнеше  үй салған. Тұрғындар осыған  наразы.  Бос жер қалдырмай, тек ғимарат  сала беруге  болмайды ғой дейді.

Айгүл ЖАҚПАРОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сол гараждың орнына адамдар демалатын сквер ма, парк па бірдеңе істесін деп, тал ексін, ағаш ексін деп ойлағанбыз.  Оны қарасақ мына жақында, үй соғылады дейді. Халық демалатын жер істесе екен дейміз, басқа ештене сұрап жатқан жоқпыз.

Ал аудан әкімінің айтуынша, бұл бір күнде шешілетін мәселе емес.  Дегенмен, тұрғындардың талап арызы  міндетті түрде ескеріледі дейді.

Жүсіп ЖҰМАҒҰЛОВ, НҰР-СҰЛТАН қ, САРЫАРҚА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Қазір ең маңызды деген өтініштері-айналаны көгалдандыру, жарықты қалыпқа келтіру, жаяу жүргінші жолағын төсеу секілді. Оларды шешуге уақыт керек. Жоспар дайындалып жатыр.

Жұртшылық бұған дейін де талай мәрте әкімшілікке шағымданған. Бірақ осыған дейін нәтиже болмады дейді. Енді ауданға келген жаңа әкімнен   үлкен үміт күтетіндерін айтады.

Д. Жарқынбек