Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауғанстанның бұрынғы президенті ауған активтеріне сұрау салды

  • AstanaTV
  • 14 ақпан 2022
  • 1543

АҚШ банктеріндегі ауған ақшасына қатысты жанжал күшейіп келеді. Естеріңізге сала кетейін, Ақ үй 11 қыркүйектегі шабуылда қаза тапқандардың отбасыларына, осы қаржыдан өтемақы төлеу туралы шешім қабылдаған еді. Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Карзай бұл шешімге қарсылығын білдірді.  Саясаткер «бұл қылмысқа ешбір ауғанның қатысы жоқ» екенін айтады.  

«Бұл ауған халқына жасалған қатыгез һәм әділетсіз шешім!». Ауғандықтар 11 қыркүйекте АҚШ-та жасалған лаңкестік әрекеттен қаза тапқандардың отбасыларына Джо Байденнің Америка банктеріндегі ауған ақшасын бөліп беру туралы шешімін осылай қабылдады.

Мерадж, ДҮКЕН ИЕСІ:

Ауғандық ретінде бұл бастамамен келіспеймін. Бұл ақша ауған халқына кері қайтарылуы тиіс. Өйткені 11 қыркүйектегі оқиға мен біздің халықтың ешбір қатысы жоқ.

Фаиз МОХАММАД:
 
Менің ойымша, біріншіден АҚШ-тың өз азаматтарына төленер өтемақыны Ауғанстанның үлесінен алуына құқы бар деп ойламаймын. Өйткені олар бізге еш себепсіз шабуыл жасады. Өткен 20 жылда жазықсыз қаншама адам қырылды. Сондықтан АҚШ бұл өтемақыны өз қалтасынан шығаруы керек.

Бұл дауға Ауғанстанның бұрынғы үкіметі  Нью-Йорктегі Федералдық резервтік банкте депозитте сақтаған 9 миллиард доллары себеп болған еді. Бірақ бұл қаржыны АҚШ бұғаттап тастаған. Дегенмен Джо Байден өткен аптада осы ақшаның 3,5 миллиард долларын 11 қыркүйектегі шабуылдарда қаза тапқандардың отбасыларына бөліп беру процесін бастады. Ол кезіндегі «Әл-каида» басшыларын тәліптер паналатқаны үшін жазықты деген уәж айтып отыр.

АҚ ҮЙДІҢ ХАБАРЛАМАСЫНАН:

АҚШ-та лаңкестіктен құрбан болғандар, соның ішінде 2001 жылғы 11 қыркүйектегі шабуылда қаза тапқандардың туыстары «Талибан» қозғалысын сотқа беріп, Федералды соттан Ауғанстан Орталық банкінің активтерінен өздеріне өтемақы ретінде төлеуді талап етті. Бұл қаржының 3,5 миллиард доллардан астамы АҚШ-та қалады. Талапкерлердің өз талабын жеткізуге толық мүмкіндігі бар.


Тағы 3,5 миллиард Ауғанстанның өзіне гуманитарлық көмек ретінде жіберіледі. Мәлімдемеде қаржының Талибанды айналып өтіп, елге жеткізілуін қамтамасыз етуге уәде етілген. Айта кетейік, бірқатар елдерде, соның ішінде Қазақстанда да бұл қозғалысқа тыйым салынған. Алайда мұндай «қамқорлық» мемлекеттің өзі бағаламай отыр. Өйткені бұл ақшада АҚШ-тың ешқандай үлесі жоқ. Бұрынғы президент Хамид Карзай да шабуыл жасағандар арасында бірде-бір ауған болмағанын атап өтті.

Хамид КАРЗАЙ, АУҒАНСТАННЫҢ ЭКС-ПРЕЗИДЕНТІ:

Ауған халқы 11 қыркүйектегі шабуыл кезінде жақындарынан айырылған отбасылар секілді құрбандардың қатарында. Бұл ақша ешбір үкіметке тиесілі емес. Мен президент Джо Байденнен бұл шешімінен бас тартып, осы активтердің барлығын Ауғанстан халқына кері қайтаруын сұраймын.

Ақ үй әзірге үнсіз. Бірақ сарапшылар Вашингтонның бұл әрекетін «ұрлық» және «моральдық азғындаудың белгісі» деп бағалады. Тіпті олардың ішінде Талибан өкілдері де бар.

Мұхаммед НАИМ, "ТАЛИБАН"* ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Ауған халқының несібесіне қол салу ақылға сыйымсыз нәрсе. Бұл әрекет Америка Құрама Штаттарында адами және моральдық құндылықтардың жоғалғандығын білдіреді.

*Қазақстанда тыйым салынған.

Ал Ауғанстан үшін бұл миллиардтардың ешқашан артық етпесі анық. Өйткені тақыр кедейге айналған бұл елдің халқы аш отыр. Ақша гуманитарлық көмек көрсетуге арналмағанымен, Ауғанстан экономикасын көтеруге көмектесуі мүмкін. Талибан билік басына жарты жыл бұрын келсе де, әзірге еш нәтиже болмай тұр.

Е. Карин