Русский Сайттың толық нұсқасы

Тараздың қақ ортасында орналасқан көпқабатты үй тұрғындары қараусыз қалдық дейді

  • AstanaTV
  • 14 ақпан 2022
  • 1628

Тараздың қақ ортасында орналасқан көпқабатты екі тұрғын үйдің тұрғындары қараусыз қалдық деп шағымданды. Құлауға шақ тұрғын қос үйді, жергілікті билік коммуналды мекемелер қызмет көрсететін тізімнен шығарып тастапты. Тозығы жеткен тұрғын үйдің мәселесі де шаш етектен. Тұрғындар мұнда тұруға қорқамыз дейді.

Бұл жиналған жұрт Асанбай Асқаров көшесіндегі 217-ші, 219-шы көпқабатты үйдің тұрғындары. Олар 1960 жылдары салынған баспаналарының  төбесінен су ағып, құбырлары сөгіліп, кәріз жүйелері жарамсыз жағдайға жетті дейді. Тіпті дәретханадан аққан нәжіс тікелей жертөлеге жиналады екен. Әбден апатты күйге түскен қос үйде 64 отбасы тұрады.

Сандуғаш ИМАНӘЛИЕВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
Бердібек Сапарбаев мына қара халықтың жанайқайын естіңіз. Қабылдауыңызға кіре алмаймыз. Шабармандарыңыз кіргізбейді. Бізді ешқандай жолатпайды. Біздің документімізді қабылдамайды. Балланстан шығып кеткен деп ешқандай қол қоймай жатыр.

Айдархан ИСМАИЛОВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Мына дом уже авариийный состояниеде. Өткенде қол қойып, жинадық мемлекеттік бағдарлама бойынша жөндеп берсін деп.  Әлі ответ ешнәрсе жоқ.

Айтуларынша олардың көпқабатты тұрғын үйлерін, жергілікті атқамінерлер баланстан шығарып тастаған. Артынша коммуналдық қызмет өкілдері де бас тартқанын жеткізді. Жағдайдың ушыққанын айтып бармаған есік қалмады деп отыр. Жыларман күйге түскен жұрттың жанайқайын айтып әкімдікке бардық. Ондағылардың дерегінше, аталған екі көпқабатты тұрғын үйлер баланста бар. Құжат жүзінде жеке сектор ретін тіркелген. Сондықтан бұл үйлерге коммуналды қызмет көрсетілмейтінін түсіндірді. Дегенмен мәселенің шешілмей келе жатқанына бұқараның өзі кінәлі деді.

Асхат ЕСЕНӘЛИЕВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ол тұрғындармен 2018-2019 жылдары әкімдіктің тарапынан бірнеше жиналыс өткізілген. Бірақ келісімін бермей отыр ол кісілер. Енді қазір әбден тозығы жеткеннен кейін ғана барып мәселені көтеріп отыр. Бірақ бұл мәселенің көтеріліп жатқанына көп жыл болды. Бұл жерде бір ақ жол бар. Тұрғын үй жаңғырту бағдарламасы аясында ғана жөндеуге болады.

Әкім орынбасарының сөзіне қарасақ бұл үйлер, жақын жылдары жөндеу көрмейтін секілді. Себебі, тұрғын үй жаңғырту бағдарламасымен биыл 50 үйге күрделі жөндеу жоспарда тұр. Ал келер жылдары 100 –ге тарта үй кезек күтіп тұр екен. Сондықтан апатты баспана тұрғындары одан әрі амалдап тұрудан басқа жолы болмай тұр.    

Б. Жұмабайұлы