Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда орман отағандар азаяр емес

  • AstanaTV
  • 14 ақпан 2022
  • 1480

Орал қаласының аумағындағы орман-тоғайдың оталуы халықтың наразылығын туғызып отыр. Өйткені жасыл желегі жайқалған аумақты жекешелендіріп алған кәсіпкерлер бұл жердің заңмен бекітілген мәртебесін ескермейді. Экологтардың айтуынша, шағын тоғайдың өзі қаланың экологиялық ахуалына әсер етеді. Ағашы кесілген аумақтың экожүйесі  өзгереді. «Nur Otan» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы экологиялық қоғамдық кеңес отырысында оралдықтарды толғандырған осы мәселе талқыға түсті. Қоғам белсенділерінің айтуынша, қазір қаланың түкпір-түкпіріндегі жасыл желек жаппай оталып жатыр. Жердің өзіне тиесілі екендігін алға тартқан  кәсіпкерлер құжат рәсімдеуге асықпайды. Бірақ осының салдарынан түрлі қиындықтар туындайды.

Қайреден ЖАҚСЫҒҰЛОВ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ БҚО ФИЛИАЛЫ ЖАНЫНДАҒЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ:
 
Әуелі жобалық-сметалық құжатын істеп, оған мемлекеттік сараптама өткізуі керек еді. Сонда бәрі де дұрыс болатын еді. Енді ол жартылай істеп қойды білмегендіктен. Енді әрі қарай тағы да қарауға тура келеді. Қанша кесті, қанша отырғызады, қай жерге отырғызады? Сосын және Жайық-Каспий инспекциясы бар, олар рұқсатын бере ме, бермей ме, оның ақшасы жұмсалып кетуі мүмкін. Барлығы заң шеңберінде болуы керек қой.

Өсіп тұрған ағашты кесіп, орнына таунхаустар салу  соңғы кезде белең алып барады.  Бірақ  орман-тоғайды отап тастауға  болмайды. Сондықтан бұл істе ортақ тоқтамға келу керек, дейді атқамінерлер. Қанша ағаш кесілгені  беймәлім. Сондықтан кесілген ағаштың паспортын жасау керек дейді. Яғни, құжатта ағаштың атауы, қанша жыл өскені секілді деректер көрсетіледі. Содан соң осы кесілген ағаштың орнына кәсіпкер сонша ағаш егуі тиіс.
 
Асқар КҮЛБАЕВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл жерлерді жеке меншігіне алған кәсіпкердің өз жоспары бар. Мұндай құрылысты тоқтатуға біздің шамамыз жетпейді. Сондықтан осындайда ортақ мәмілеге келейік деп халықтан көмек сұрап отырмыз. Мысалы, ағашты кескен адамды жазаламай, басқа бір амалын тауып, мәселен, одан өтемақы талап ету жолдарын қарастырған жөн секілді.  

Е. Карин