Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында мектепте жарылыс болып, от жағушы қаза тапты

  • AstanaTV
  • 15 ақпан 2022
  • 2802

Түркістан облысындағы мектепте көмірмен жанатын жылыту қазандығы жарылды. От жағушы көз жұмды. Оқыс оқиға кезінде балалар сабақ оқып жатқан. Абырой болғанда оларға да, білім ошағына да ешқандай зақым келмеген. Мектептен небәрі жиырма метр алшақ орналасқан қазандықтағы апатқа не себеп болғаны әзір белгісіз. Мамандар анықтауға кірісті. Мұнда көгілдір отын қосылмаған. Сайрам ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміндегілер газбен жылыту мәселесі, қарастырылып жатқалы біраз уақыт болғанын алға тартты.

Әлжан САПАРБЕКОВ, САЙРАМ АУДАНДЫҚ АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Жылыту қазандығының істен шығуы былайша ойламаған жерден болып отыр. Жалпы осы Сайрам ауданында осы мектептің жылыту қазандығын газ жүйесіне өткізу мәселесін де біз көтергенбіз. Сол бойынша қазір тиісті құжаттардың барлығы, ЖСҚ барлығы әзірленіп жатыр. Жалпы өткізу жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған.

Қаза тапқан азамат мұнда 2015 жылдан бері от жағушы болып жұмыс істеп келген. Қызылорда өңірінің тумасы деген ақпарат бар. 59 жастағы отжағушы мұнда туысының үйінде жатып жұмыс істеп жүрген. Білім саласына жауаптылар марқұмға тиесілі барлық өтемақы төленетінін жеткізді.  Айта кетейік, бүгіннен бастап мектеп оқушылары қашықтықтан оқытуға жіберілді. Олардың қайта мектеп партасына қашан отыратынын білім саласына жауаптылар болжай алмай отыр.

А. Төребекқызы