Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан бокс командасында өзгерістер болып жатыр

  • AstanaTV
  • 15 ақпан 2022
  • 1290

Хабарымызды әрі қарай әдеттегідей спорт жаңалықтарымен әріптесім Асылбек Данияр жалғастырады. Асылбек, бүгін  қандай жаңалықтарың бар?

Кеш жарық, Лаура! Қазақстандық боксшылар жаңа құраммен Болгариядағы турнирге аттанады. Ал аспан асты елінде өтіп жатқан Олимпиадада бүгін тек 2 спортшымыз бақ сынады. Нәтижесі сәлден соң.

Қазақстан былғары қолғап шеберлері  Болгарияда өтетін халықаралық турнирге қатысады. Бұл туралы бокстың Азиядағы конфедерациясы хабарлады. София қаласындағы сынға 39 елдің спортшысы қатысады деген жоспар бар. Дүбірлі дода екі аптаға созылады. Турнирде  әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мамұд Сабырхан және жастар арасындағы  әлем чемпиондары мен Азия біріншіліктерінің жеңімпаздары ел намысын қорғайды. Айта кетейік, жарысқа Ұлттық құраманың жаңа мүшелері қатысады. Қазір команда жасақталып жатыр. Оған себеп: бірнеше боксшы кәсіпқой боксқа  кеткен.  

WBA чемпиондық белдігіне негізгі үміткер Айдос Ербосынұлы кезекті жекпе-жекке дайындықты бастады. Бұл туралы Vesti.kz ақпараттық-спорт порталы хабарлады. Оның бұл жолғы қарсыласы -кубалық Давид Моррелл. Ол осы күнге дейін 5 рет кездесу өткізген. Бокс кеші көктемде өтеді деп жоспарланып отыр. Осыған байланысты Айдос қазір Шымкент қаласында жаттығу өткізуде. Одан әрі Мәскеуде шеберлігін шыңдамақ.  Отандасымыз бүгінге дейін 16 жекпе-жекке шығып,  барлығында   жеңіске жетті. Тіпті оның 11-ін уақытынан бұрын аяқтады.

Енді Олимпиада жаңалықтарына ойыссақ. Қытайда өтіп жатқан төрт жылдықтың басты бәсекесінде бүгін спорттың 2 түрінен 2 атлетіміз бақ сынады. Шаңғы қоссайысында ел намысын қорғаған Шыңғыс Ракпаровқа  жүлде бұйырмады. Тұғырдан секіру кезеңінде 111,5 метр нәтижесімен 38-орынға тұрақтады. Ал шаңғы жарысында мәреге 43-нші болып келді. Сайыс қорытындысы бойынша 43-нші орынға жайғасты. Сондай-ақ Шыңғыс үшін Олимпиада аяқталды. Жарыс жолында екінші болып Фристайл-акробатикадан ерлер арасында Шерзод Хаширбаев бақ сынады. Ол алғашқы айналымда финалға жеткіліксіз ұпай жинап, екінші мүмкіндігін пайдаланды. Өкінішке қарай, бұл жолы да тиісті балға қол жеткізе алмады.

Сонымен он бесінші ақпандағы XXIV Ақ Олимпиаданың  қорытындысы мынадай:  

12 алтын, 7 күміс, 7 қоламен  Норвегия әлі көш басында. Екінші орында -Германия. Оларда 8 алтын, 5 күміс, 2 қола медаль бар. Үздік үштікті АҚШ құрамасы қорытындылайды.

Мендегі бар ақпарат осы. Біздің спортшылар ертең де жарыс жолына с шығатынын еске сала кетейін. Олар сәттілік тілейміз. Лаура, сөз өзіңде.

Рақмет, Асылбек! Ал, біз жаңалықтарымызды жалғастырамыз.

А. Данияр