Русский Сайттың толық нұсқасы

«Ұрланған қарудың әлі күнге 2 мыңнан астамы табылмаған»- Бас прокуратура

  • AstanaTV
  • 17 ақпан 2022
  • 1772

Қаңтар оқиғасы бойынша 2 мың 565 қылмыстық іс қаралып жатыр. Оның ішінде 271 адам күзетпен ұстауда отыр. Бұл туралы ІІМ Тергеу департаменті хабар таратты. Ал, прокуратураға құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттеріне қатысты 363 шағым түскен.  Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі арнайы брифинг өткізіп, ресми деректермен бөлісті.

Қаңтар айының басындағы оқиғалар кезінде жоғалған қару саны белгілі болды. Құзырлылар 3 мыңнан астам қаруға іздеу салуда. Сорақасы сол, ұрланған қару-жарақтың 2 мыңнан астамы әлі табылмаған. Бас прокуратураның дерегінше олардың арасында жарылғыш заттармен бірге пулеметтер бар.
 
Елдос ҚИЛЫМЖАНОВ, ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫ БІРІНШІ ҚЫЗМЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Қаңтарда 3 мыңнан астам қару ұрланған. Осының тек үштен бірі немесе 967 бірлігі ғана табылды. Ал 2 мыңнан астам, соның ішінде гранаталар, пулеметтер, мылтықтар, тапаншалар, гранатомет әлі де қылмыскерлердің қолында.


Сондай-ақ прокуратура қаңтар оқиғасы кезінде қамауға алынғандардың жеке басы зерттелгенін айтты. Олардың 30 жасқа дейінгі жастар екені бұған дейін де айтылған болатын. Сонымен қатар дені жоғары білімді, бірақ тұрақты жұмысы жоқ екені анықталып отыр. Ұсталғандардың жағдайы прокурорлар мен азаматтық ұйымдардың назарында екенін айтты.

Елдос ҚИЛЫМЖАНОВ, ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫ БІРІНШІ ҚЫЗМЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қамауға алынғандарға қатысты жеке бастарын, денсаулық және өзге де жағдайларды сипаттайтын материалдар ескерілді. 157 адамға қолданылған қамауға алу, ешқайда кетпеу туралы қолхатқа кепіл, үйқамақ және жеке кепілгерлікке ауыстырылды. Прокурорлар олардың қатысы болмауына қатысты уақытша ұстау абақтыларынан 103 адамды босатты.

Сонымен бірге прокуратура құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттеріне қатысты өтініштерге де тоқталды. Қазіргі уақытқа осындай 363 шағым түскен. Ішкі істер министрлігі болса, қаңтар оқиғаларында ел бойынша 673 азаматтық тұлғаға оқ тигенін жеткізді. Тағы 500 адам пышақ жарақатымен ауруханаларға түскенін айтты. Оның айтуынша, тәртіпсіздіктер кезінде жедел жәрдем көлігін бөгеп, ауруханаға бара жатқан жаралы полицейді соққыға жыққан. Мұның бәрі сол дүрбелеңде болғандардың өздері түсірген кадрлардан анықталып отыр.

Санжар ӘДІЛОВ, ҚР ІІМ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Бейнежазбада көрсетілгендей, шабуылдаушылар бір қызметкерді жерге құлатып, оны тепкілеп, таяқпен ұрып-соғып, екіншісін басынан теуіп, ұрған, оған қоса басын дағы каскамен ұрып,  басына ауыр зақым келтірген.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 273 полиция қызметкері мен әскери қызметшінің мүгедек болып қалған. Сонымен қатар, әлеуметтік желі де жалған ақпарат тарату фактісі бойынша да қылмыстық істер қозғалған.

Ә. Дүкембаева