Русский Сайттың толық нұсқасы

"Бүкір" көпірдің құрылысы қашан аяқталады?

  • AstanaTV
  • 17 ақпан 2022
  • 2799

Елордада  Алаш тас жолы бойындағы  көпірді жөндеу жұмыстары сағызша созылып кетті. Қала тұрғындары осылай деп ашуланады.  Өткелдің бір жақ бөлігінің жабық тұрғандығы қозғалысқа айтарлықтай кесірін тигізуде дейді олар. Әсіресе, қарбалас сәтте көліктер кептеліп, әрі-бері жүру қиындайтын көрінеді. Мәселе қашан шешіледі?  Құрылыстың кешеуілдеуіне не себеп?  Бұл туралы толығырақ тілшіміз Әсел Дүкембаева айтады.
 
Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:

Жұрт арасында "Бүкір" аталып кеткен бұл  көпірді елордалықтар жақсы біледі. Салынғанына 40 жылға жуықтаған. 2020 жылы ескі өткелді жөндеу жұмыстары кезінде  бір жағы  опырылып, құлады. Көпір апатты деп танылды. Содан қалыпқа келтіру жұмыстары басталған.

Қала тұрғындарының айтуынша, көпірді салу кезінде қателік кеткен.  Сондықтан сапада мін көп дейді.  Жөндеу жұмыстарының неге бірнеше жылға созылып жатқанын түсіне алмайтынын айтады.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Көпір дұрыс салынбаған, сапасыз.  Барлық қала жүргізушілеріне біршама ыңғайсыздық туғызды. Кептеліс уақытында тіптен қорқынышты, қазір бір жағымен өтіп жатыр ғой, жүрген кезде ортасына түсіп кете ме деп уайымдаймыз.


ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз көпірдің тезірек салынғанын қалаймыз. Қазір оның салынып, салынбай жатқаны мүлдем көрінбейді. Қоршап тастаған, қыста жұмыс жүріп жатыр ма белгісіз.

Мамандардың айтуынша, бұл тез бететін шаруа емес.  Сондықтан бірнеше жылға созылған. Дегенмен, биыл нәтиже болады, дейді.

Ерғанат БЕКСҰЛТАНОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ЖОЛ КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ, ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ЖӨНДЕУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

2019 жылдан бастап тексеру жұмыстарын жүргізе бастадық, 2020 жылы аспаптық тексеру кезеңі өтті. Қазір таңда құрылысқа қаражат бөлінген. Жоспар бойынша, биылғы жылдың 1 қыркүйек дегенбіз, бірақ  қала күніне дейін бітіретін шығармыз.

Дәл қазір көпірдің бір жағында ғана жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындарды "ол біткен соң, екінші бөлік жабылмай ма" деген сауал  да толғандырады. Бірақ, мамандардың айтуынша, осыған дейін барлық күш сол жаққа түсіп тұрғанымен,  жол  жүруге жарамды. Алаңдауға негіз жоқ.

Ә. Дүкембаева