Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан көпқабатты үйлер мерзімінде аяқталмаған

  • AstanaTV
  • 18 ақпан 2022
  • 1761

Жауапсыз мердігер. Жалдамалы пәтер. Қостанайда мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан 6 көпқабатты үйдің құрылысы дер кезінде аяқталмады. Соның салдарынан алғашқы жарнасын төлеп қойған тұрғындар баспанасын ала алмай жүр. Көптеген отбасы пәтер жалдауға мәжбүр.

Бітпей тұрған үйлердің бірі осы. Юбилейный шағынауданындағы нөмірі 27-ші баспана былтыр шілде айында пайдалануға берілуі тиіс еді. Кейін желтоқсанға дейін шегеріліпті. Бірақ белгіленген  уақытта көпқабатты үй тағы пайдалануға  берілмеген. Таңшолпан Сәленова  2 бөлмелі пәтер алу үшін алғашқы жарна төлеп, келісім-шарт жасаған. Енді ол  жаңа баспанада жайлы тірлік кешудің орнына, әкімдік табалдырығын тоздырып күнде құрғақ уәде естумен күн өткізуде.

Таңшолпан СӘЛЕНОВА, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Екі жыл бойы кезекте тұрмыз. Барлығымыз пәтер жалдаймыз. Үш-төрт бала шағамыз бар. Салған ақшамыздың бәрі осылай тұр. Бір орнында. Мұны еститін құлақ жоқ. Әкімдікте біз болдық. Екі рет хат жаздық. Ол хаттың бірінде бізге жауап берілді. 2021 жылдың маусым айында  беріледі деп.


Көпшілік көпқабатты үй құрылысының мүлдем тоқтап тұрғанына бірнеше ай болғанын айтады. Ал шаһар билігі шағын аудандағы баспаналар жылдың соңына дейін толық қолданысқа беріледі деп отыр. Бұған тұрғындардың сенгісі жоқ. Өйткені  жылу құбыры  жарылып, едені тас-талқан болған пәтерлерді қайта қалыпқа келтіру үшін тағы талай уақыт керек дейді.  

Қайыржан ЖЕТІБАЕВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Әуелі  әр шаршы метрдің құны 142 мың теңге болды. Қазір құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты оның бағасы 180 мың теңгеге дейін өскен. Мердігерлер сондықтан ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізе алмаймыз деді.


Әкімдік өкілдерінің уәжіне сенсек  құрылыстың мерзімінде аяқталмауына жауапсыз мердігер кінәлі. Тіпті компанияны сотқа беріп жатқан көрінеді.

Самат ЖАНДІЛДИН, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:


27 үйдің құрылысының мерзімінде аяқталмауына байланысты бас мердігер Алматы Строй серіктестігі әкімдіктің талап арызы бойынша сотта жосықсыз өнім беруші ретінде  танылды. Қазіргі таңда ол  мердігермен келісім шарт бұзылған.  


Қалалық әкімдік  қайтадан тендер өткізілетінін  хабарлады. Жаңа мердігер  құрылысты жалғастырады деді.

З. Санай