Хабарымыз әрі қарай спорт жаңалықтарымен жалғасады. Онымен әріптесім Асылбек Данияр таныстырады. Асылбек, бүгін қандай ақпараттармен бөлісесің?
Кеш жарық, Руслан! Болгарияда өтіп жатқан бокстан кіші әлем чемпионатында 2 қазақстандық жартылай финалға жолдама алды. Сонымен бірге, кәсіпқой бокс Жәнібек Әлімханұлы кезекті жекпе-жегін өткізеді. Осы және өзге де жаңалықтар сәлден соң.
Қазақстандық боксшы 31 нокауты бар "Канелоның" ізбасарымен чемпиондық айқасқа шығады. Бүкіләлемдік бокс ұйымы Жәнібек Әлімханұлы мен мексикалық Хайме Мунгия арасында жекпе-жек өтетінін мәлімдеді. Бұл туралы Vesti.kz ақпараттық-спорт порталы хабарлады. Боксшылар ұйымның орта салмақтағы "уақытша" әлем чемпионы титулын сарапқа салмақ. WBO комитеті осы айқас бойынша келіссөздерді бастау туралы бұйрық шығарды. Тараптарға келісімге келуге 10 күн уақыт беріледі. Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы бүгінге дейін 11 кездесу өткізіп, оның жетеуін мерзімінен бұрын аяқтаған болатын.
Бокстан кіші әлем чемпионатында жұдырықтасып жатқан спортшыларымыз қарсылас шақ келтірмей жатыр. Бірнеше былғары қолғап шебері қазірдің өзінде әлем чемпиондарын оңай жеңген. Болгария астанасында өтіп жатқан "Странджа кубогы" халықаралық турнирінің жартылай финалына 2 отандасымыз шықты. Олар: Ләззәт Күнгейбаева мен Абзал Құттыбеков. Жарыстың үшінші күнінің нәтижесі бойынша, қазір ерлер командасының 13 мүшесі ширек финалға өтті. Ал бұрымдылардың арасында кезекті айналымға 12 спортшы жолдама алды. Бүгін рингке 18 қазақстандық шығады. Қос боксшымыз Ермахан Жақпеков пен Қуан Қуатов бір-бірімен жекпе-жекке шығып, жартылай финалдың жолдамасы үшін таласады.
Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Франциядағы турнирдің екінші айналымына өтті. Бірінші кезеңде ол чехиялық спортшымен кездескен болатын. Ол қарсыласын 6:0, 6:2 есебімен ұтты. Кукушкиннің ендігі қарсыласы – франциялық Мануэль Гинар.
Бүгінге айтарым осы. Елдегі және әлемдегі спорттың басты оқиғаларын бірінші болып бізден біліңіздер. Күнделікті дәл осы уақытта жолыққанша. Руслан, тізгін өзіңде.
Рақмет, Асылбек! Ал, біз жаңалықтарымызды жалғастырамыз.
А. Данияр