Русский Сайттың толық нұсқасы

"Иә, біз жеңілдік...",- спорт жаттықтырушысы саладағы кемшіліктердің бетін ашты

  • AstanaTV
  • 25 ақпан 2022
  • 1457

Олимпиадаға баратын спортшылардың дайындығын енді министрлік өз мойнына алуы мүмкін. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі айтты. Жалпы, жиын өте көңілсіз өтті. Оған бірден-бір себеп -дүбірлі додадан спортшылардың медальсіз оралуы. Жүлденің болмауын әр спорттың жаттықтырушысы жан-жақты түсіндіруге тырысты. Кейбірі тіпті, жылап жібере жаздады. Кейбірі, министрдің алдында бар кемшілікті жайып салды. Осының бәрін естіп отырған ведомство басшысы не қорытынды шығарды. Ол жайында әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтады.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Мәдениет және спорт министрі кезекті алқа отырысын өткізуге осы шаңғы трамплин кешенін таңдапты. Талқыланатын мәселе де соған байланысты - спорттың қазіргі жай-күйі мен олимпиаданың қорытындысы. Талай проблема көтерілді. Оны шешеміз деген уәделер де айтылды. Дәурен Абаев бұған дейін осы жиында талай өзгерістің болатынын айтқан еді. Министрдің шешімі біз күткендей болған жоқ.


Бірінші кезекте Қытайда өткен XXIV Қысқы Олимпиаданың нәтижесі сөз болды. Комитет өкілінің сөзінше, кем дегенде 1 медаль алу мақсат болған. Бірақ, ол орындалмаған арман болып қалды. Бірінші рет емес, үшінші рет. Тәуелсіздік алғалы   Ақ ойындарда Қазақстан бар-жоғы 8 жүлде еншілеген. Оған да шүкір. Қазақта: "жеңілгеннің сөзі құрсын" деген сөз бар. Медальдің болмауын жаттықтырушылар әр қалай түсіндіріп бақты.  

Бұл- фристайл могулдан Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы. Олимпиададағы қорытынды есеп беремін деп, өзінің эмоциясына ерік берді. Айтуынша, спорттың бұл түрінің дамуына кедергі жетерлік.

Елена КРУГЛЫХИНА, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ ФРИСТАЙЛ МОГУЛДАН БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

Біз -жас мемлекетпіз. Менің ойымша, біз келесі Олимпиада ойындарында жеңіске жетудің жолдарын табамыз және оған бүгіннен бастап дайындалуымыз керек. Бізде өзіміздің базаларымыз, кешендеріміздің болуы маңызды. Могул жолын салу миллиондаған доллар емес. Қазір біздің жаттығу жасайтын орындарымыз тіптен кішкентай. Инфрақұрылымды дамыту керек.

Мәселе мұнымен бітпейді. Инфрақұрылымды дамытып, жағдайды жасауын жасағанмын тағы бір проблема бар. Спортқа қызығатын жастар аз. Министрліктің ақпараты бойынша, қысқа спорт түрлерімен тек 16 мың бала   айналысады. Бұл  еліміздегі жастардың   4 пайызы ғана. Сондықтан, келесі қысқы олимпиадаға дайындықты  қазірден бастау  керек, дейді мамандар.

Елена КРУГЛЫХИНА, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ ФРИСТАЙЛ МОГУЛДАН БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

Біз келесі Олимпиадада медаль алып келеміз. Кейінгі Олимпиада болатын кезде не істейміз? Бізде резерв жоқ. Олимпиадаға дайындық орталығы 2 жылдан бері жұмыс істемейді. Біздің медицинамызда артта қалды. Нағыз мамандар жоқ.

Министр Дәурен Абаев спортты дамыту үшін жан-жақты бағдарламалар қабылданады, дейді. Онда бұқаралық спортты дамыту, инфрақұрылымды салу, жалпы дайындықтар жүйелеп, қызметкерлердің жағдайын реттеу қарастырылмақ. Сонымен бірге, кейбір спорт түрлерінің жаттықтырушылары қызметімен қоштасады.

Дәурен АБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:
 
Шаңғы жарысы, биатлон , фристайл акробатика , трамплиннен шаңғымен секіру сияқты спорт түрлері бойынша бас жаттықтырушылардың кандидатурасын қайта қарауды тапсырамын.

Енді Олимпиадаға баратын спортшылардың дайындығын министрлік өз мойнына алуы мүмкін. Дәурен Абаев осы мәселеге қатысты жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтты. Десе де, алдағы 5-6 жылдан кейін кадр тапшылығы болады деген қауіп бар. Өйткені, жаттықтырушылардың көбі зейнет жасына таяп қалған. Қала берді, жалақы  аз.

Дәурен АБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

Кейбір бапкерлер 30 мың теңге ғана алады, кейбірі 50 мың ғана алады. Сондықтан, біз Білім министрлігімен бірлесіп сол жерде жүрген дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерінің қазір жалақысын көбейттік қой. Соларды біз бапкерлікке тарту мүмкіншілігі бар ма, жоқ біз жеке көтереміз бе, сол мәселе бар.


Бұдан бөлек, министр мәдениет және спорт министрлігінен спортты бөлек шығару мәселесіне қатысты да  өз ойын білдірді.

Дәурен АБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

Спорт саласы болсын, қай жерде болмасын спорт, туризм саласы, мәдениет саласын болсын бұл жерде ең бастысы жұмыс істеу керек. Спорттағы нәтижеге жету керек. Соған бәріміз жұмыс істеуіміз керек. Дамуына үлес қосатын да шығар.


Ең бастысы кемшіліктермен жұмыс істеу керек. Я болмаса Париж бен Миланда өтетін ойындарда дәл осындай нәтижені қайталап, бармағымызды тістеп қалуымыз ықтимал дейді министр.   Наурыз-сәуір айларында тағы жиын өткізу  жоспарда бар.

А. Данияр