Русский Сайттың толық нұсқасы

Доллар бағамы 495 теңгеге жетті

  • AstanaTV
  • 28 ақпан 2022
  • 952

Елімізде доллар бағасы құбылып тұр. Бүгін  Ұлттық банк пен Қазақстан қор биржасы  АҚШ валютасына байланысты сауда-саттық регламентін өзгерту туралы шешім қабылдады. Ал ақша айырбастау пункттері түскі үшке дейін жұмысты  тоқтатуға мәжбүр болды.  

Әлия САЛЫБЕКОВА, АҚША АЙЫРБАСТАУ ПУНКТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бүгін түскі үшке дейін қор биржасының шешімімен біз жұмысымызды тоқтаттық. Қазір де  біз тұрғындардан  дүрбелеңге бой алдырмауды сұрап жатырмыз. Өйткені алда не боларын ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан клиенттерге тұрақсыздық кезінде    валюта айырбастауға асықпаңыздар дегім келеді.

Түстен кейін сауда-саттық Франкфурт аукционы форматында ашылған.  KASE сауда-саттығының қорытындысы бойынша, доллардың орташа бағамы 495 теңгеге жетті. Осылайша, доллар бір тәулікте 30 теңгеге өсті. Сарапшылар бұл жағдайға  барынша сабырмен қараған дұрыс дейді.  Айтуларынша,  теңгенің әлі қалай құбылары белгісіз.

Андрей ЧЕБОТАРЕВ, ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ:

Бұл әскери қақтығыс қалай өрбитініне байланысты. Қазір бәрі сағат сайын өзгеріп тұр. Бейсенбіде енгізілген санкциялар өте жеңіл болып көрінген, ал демалыс күндері оның соңы әлемде бұрын-соңды болмаған санкцияларға ұласты. Сондықтан бұл жерде бізге ештеңе байланысты емес.

1трлн теңге. Бұл- өткен жылы Қазақстаннан басқа елдерге аударылған қаражат. Халықаралық ақша аударымдары жүйесінің дерегіне сүйенсек ең көп қаржы аударылатын мемлекеттер қатарына Ресей, Туркия, Қырғызстан кіреді.  Бірінші орында  Өзбекстан тұр. Былтыр бұл елге Қазақстаннан 300 млрд-қа жуық теңге аударылған. Ал Қазақстанға басқа елдерден  283 млрд теңге келген. Ұлттық банктің мәліметінше,  қаражаттың көбі  Ресейден , онан кейін Өзбекстан мен  Корея Республикасынан  түскен.

Былтыр 1 жыл ішінде 32 мың отандасымыз елден кеткен. Бұл алдыңғы  жылмен салыстырғанда 10 пайызға көп. Тізімде Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары көш бастап тұр.  Ұлттық статистика бюросының есебінше, сыртқы көші-қон статистикасы жыл санап артып келеді. Тек 2020 жылы коронавирусқа байланысты шектеулердің әсерінен өсім болмаған. Ал елге келушілердің басым бөлігі Маңғыстау облысы мен Алматы және Шымкент қалаларына қоныстанған.

Б. Сатуов