Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыдағы базарда алапат өрт болды

  • AstanaTV
  • 28 ақпан 2022
  • 1108

Қарағандыда «Алтын- арба» базарында болған өрттің салдарынан кәсіпкерлерге жүздеген миллион теңге шығын келді. 3 дәмхана мен 6 сауда нүктесі тауар сақтайтын қоймаларымен бірге күлге айналған. Саудагерлер мүліктерін сақтандырмағандықтан шағын бизнесті енді қалай қалпына келтіретіндерін білмей дал.

"Алтын арба" базарының аумағындағы өрт шыққаны туралы хабарлама, мамандарға түнгі сағат 1 кезінде түскен. Тілсіз жау 3 бірдей дәмханадан тұтанған. Жалынның күштілігі сонша оқиға орнына жеткен 15 техника мен  50-ден астам өрт сөндіруші, қызыл жалынмен бір сағатқа жуық аласып әрең қайтарды. Бұл уақытта 500 шаршы метр аумақ жанып үлгерген. Шеткі дәмхананың қожайыны Бекжігіт Пірімбетов кәсіпті 1 жыл бұрын ғана сатып алып, 20 миллион теңгеге түгелдей жаңартқанын айтты. Қанша еңбектің бір-ақ сәтте күлгі айналғанына сене алар емес. Кешкісін әдеттегідей есікті құлыптап, барлық электр құралдарын сөндіріп кеткенбіз,- дейді.

Бекжігіт ПІРІМБЕТОВ, ДӘМХАНА ҚОЖАЙЫНЫ:

Түнгі сағат 12 жарымнан бастап өртенген. Хабарласты келдік. Сағат 1 де. Жанып жатты 3 кафенің бәрі. Қалай, қайдан шыққанын зерттеу бөлімі айтады деді.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Өрттің салдарынан дәмханАның жанындағы 6 бутикке де орасан шығын келді. контейнер қатты қызғандықтан олардағы теріден жасалған киімдерді түгелдей балқытып жіберген. Енді бұл тауарларды сату мүмкін емес.

Саудагер Нұрболат Омаровтың сыртқы киімдер сататын орны екінші қабаттағы тауар қоймасымен қоса істен шыққан. Сауда орнын сақтандырмаған.Тіпті базар басшылығымен жасасқан келісімшарты да жанып кетіпті. Осы кәсіпке арқа сүйеген 5 баланың әкесі енді отбасымды қалай асыраймын,- дейді.  

Нұрболат ОМАРОВ, САУДАГЕР:

Мынау әже сатуға да басқа нәрсе қылуға да жарамайды. Жарамсыз күйге ұшырады.Енді білмейміз енді басқа арықарай не болатынын. Көріп тұрсыздар өздеріңіз де норковый курткалар, аляскалар қымбат курткалар, не деп айтарымды да білмеймін.

Кәсіпкерлердің айтуынша, өрт қауіпсіздігі сақталған. Дабыл құрылғысы, бейнебақылау камералары бар. Бірақ өрт шыққанда неге екені белгісіз іске қосылмай қалған деп отыр. Төтенше жағдай департаментінің басшылығы бұл базарды соңғы рет 2018 жылы тексергендерін айтты. Ол кезде өрт қауіпсіздігі сақталмағандықтан ескертулер жасалған. Ал кейінгі жылдары ереже өзгеріп бұл жұмыс аудиторлық компанияларға жүктелген.

Асхат МАХАНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАЛЫҚ ТЖ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Мысалға айтсақ енді есімде бар, ол- автоматикалық сигнализация болмаған. Электр сымдары дұрыс жалғанбаған. Одан кейін 2019, 20, 21 жылдары аудиторлық қорытындысының арқасында барлығы дұрыс деп қорытынды жасалғандықтан біз бұл объектіні жаңағы тексерістен алып тастадық.

Дегенмен өрттің не себепті шыққаны белгісіз. Оқиға орнында тергеп тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Алдын ала болжам бойынша кәсіпкерлерге жүздеген миллион теңге шығын келген. Нақты көлемі тергеуден соң есептеледі. Тілсіз жаудың салдарымен бірге, себебі де сол кезде анықталмақ.

А. Қуаш