Русский Сайттың толық нұсқасы

Зейнетақы қорының ақшасын жұмсау жайы, салымды зейнетке шықпай пайдалану мүмкіндігі...

  • AstanaTV
  • 25 маусым 2016
  • 1792

Біртұтас зейнетақы жинақтаушы қорының активтерінен биыл экономикаға 600 млрд теңге  құйылатыны белгілі. Осы аптада Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев сол бөлінетін ақша бағыттарына бағыт қосылатынын айтты. -Биыл қордың 400 млрд теңгесі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің айрықшаланған қарыз құнды қағаздарына инвестицияланады. Қаржының 85 млрд-ы квазимемлекеттік компанияларға керек емес, сондықтан бұл соманы өңдеу өнеркәсібіне бөлуді қолдаймыз,- деді бас банкир. Данияр Ақышев зейнетақы қорынан шағын және орта бизнесті неиелендірулері үшін екінші деңгейдегі банктерге берілетін 200 млрд теңгенің жартысы ғана - 95 млрд-қа жуығы игерілгенін жеткізді. Себебі, бас банкир ресурстың қымбаттығын мойындайды. Екіншіден, банктер шағын және орта бизнесті несиелендіруге құлықсыз. Сондықтан бұл ақша да қайта бөлінуі мүмкін.

Ол экономикаға Ұлттық қордан және зейнетақы қорынан аударылатын ақшаны біріктіріп жұмсауға қарсы еместерін айтты. Сонда кәсіпорындарға берілетін несиелердің пайыздық мөлшерлемесі азаяр еді.

Данияр Ақышев, Ұлттық банк төрағасы:

Бұл салымшылардың ақшасы. Оларды сақтап, көбейту керек.

Зейнетақы қорындағы қаржыға «ауыз салуды» салымшылар, яғни жұмыс істейтін адамдардың қолдамайтыны, қолдамақ тұрмақ ашуланатыны мәлім, әрі түсінікті. Себебі «қайтпай қалу» фактісі бізде таңсық емес. Премьер-министр қордың ақшасын әкімшілік-әміршілдік жолмен былайша айтқанда, «белден басып» жұмсаудың дұрыс еместігін мойындайды. Өткен аптада кәсіпкерлер палатасының съезінде ол «... Зейнетақы активтерін нарықтық жолмен пайдалану әкімшілік жолмен пайдаланудан жақсы деп есептеймін. Өкінішке қарай, біз қазір оны әкімшілік жолмен пайдаланып отырмыз. Расында бұл біздің ақша емес – бұл салымшылардың ақшасы.»,- деген. Бірақ түсіну бар да...

Айтпақшы, ҰБ төрағасы зейнатақы қорының ақшасын салымшылардың зейнет жасына жетпей пайдалана алу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бірқатар елдерде азаматтар салымдарын емделу, білім алу, ипотека төлеу сияқты маңызды шығындарын жабуға жұмсай алады. «Біз бұл мәселені талдап жатырмыз. Мұндай опцияны болашақта азаматтар қалайтыны сөзсіз деп есептейміз. Кейбір азаматтардың зейнетке шыққаннан кейін де өмірлерін қамтамасыз ете алатындарын салымдарынан байқап отырмыз. Мәселе күрделі – себебі ол бүкіл жүйенің тұрақты жұмыс істеуімен байланысты. Қалай бір шешімге келеміз, солай хабарлаймыз», - деді Ақышев. Ұлттық банктің салымдарды зейнет жасына жетпей пайдалануға мұрсат беруді қарап жатқандары сәуір айында айтылған. Негізі тамаша ұсыныс. Мәселе салымы зейнет жасына дейін және зейнетке шыққаннан  кейін де жететін адамдардың санында. Медициналық көмекке зәру, білім алуға ақшасы аз, пәтерді өмір бақи жұмыс істесе ала алмайтындардың ол топқа жатпайтынында.