Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау халқы волонтерларға алғыс айтады

  • AstanaTV
  • 01 наурыз 2022
  • 1604

Атырау халқы короновирустық инфекция өршіп тұрған кезде, өз басын қатерге тігіп, қиналғандарға қолғабыс еткен волонтерларға дән риза. Олар науқастардың көптігінен ауруханада бос төсек қалмаған кезде, ақ халаттыларға көмек көрсетті. Емдеу мекемелеріне оттегі балллонын тасып, жәрдем етті.  Сондай-ақ, карантин кезінде табыссыз қалған отбасыларға  азық-түлік таратты.

82 жастағы  Шәкимардан Дәурешов короновирустың күйіп тұрған кезінде, бір айға жуық  ауруханада жатқан. Әлсіздік, дененің қызу және тамаққа тәбеттің жоқтығы оны ұзақ уақыт бас көтертпей қойыпты. Қол созым жерде тұрған затты алудың өзі – мұң болды,- дейді. Жан алып, жан беріскен шақта жас қыз-жігіттер палатаға жиі келіп тұрғанын айтады. Олар оттегі баллонын әкеліп берген, төсек-орындарды реттеп, тіпті жуындырды дейді.

Шәкимардан ДӘУРЕШОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ол кезде волонтер дейтін сөздің не екенін тіпті біз түсінген жоқпыз. Әйтеуір келіп, көмектесіп жатқаннан кейін  бір екі ауыз сөзімізді айтамыз да қала береміз. Ерлік қой, анадай аурудың құтырып тұрған кезінде анадай аурулардың ішіне кіріп, сөйлесіп, көмегін көрсету екінің бірінің қолынан келмейді ғой. Ондайға мен ойлаймын екінің бірі бармас еді ондайға. Өйткені ауру жұқтыру масқара.

Ауруханада тынысы тарылып, ауа жетпей жатқан жандарға алдымен көмекке келген еріктілердің есімін атыраулықтар жатқа біледі. Мейрамгүл Есниязова, Талғат Тұрғанбаев пен Асхат Ахатұлы бастаған жастардың қатары кейін тағы толыққан. Ауру өршіп тұрған кезде Зульфия үшінші сәбиін дүниеге әкелген. Пәтер жалдап тұратын жалғызбасты ана нәрестемнің болашағына алаңдап, мен де волонтерларға хабарласып, көмек сұрадым,- дейді.

Зульфия САИДОВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сүт, памперс,  киімдерін, тамағына дейін. Мен перзентханадан шыққанша  үйімде заттардың бәрі толып тұрды заттардың бәрі, 1 жылға жететін. Жыл сайын, ай сайын тамақпен көмектесіп тұрады. Пәтерімді төлеп тұрады. Сол кісілерге алғысым шексіз. Алла разы болсын. Жақындарымнан көрмегенді, сол кісілерден көп жақсылық көрдім. Соларға алғысым шексіз.

Волонтерлар  Зульфияға ғана емес,  карантин кезінде табыссыз қалған мыңдаған отбасыға демеушілердің көмегімен азық-түлік жеткізді. Ол үрдіс әлі күнге жалғасып келеді. Белсенді жастар қанатымен су сепкен қарлығаштай  жәрдем қажет еткендерге қолғабыс етіп  жүр. Әлеуметтік әлсіз топтарды,  ерекше балаларды қолдау,  экологиялық мәселелерді шешуде де еріктерлердің үлесі  бар. Аймаққа танымал волонтер  Мейрамгүл Есниязова өзі жұмыс істейтін мектепте қазір жас еріктілерді дайындап жатқандарын айтады.   

Мейрамгүл ЕСНИЯЗОВА, ВОЛОНТЕР, №40 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Волонтерлықта 15 түрі болатын болса, соның бес-алтауын мектеп оқушылары өзара жұмыс жасай алады. Енді биыл өзім қолға алғандықтан қайырымдылық жәрмеңкелерін ұйымдастыру, ерекше балаларға барып, арт терапия ұйымдастыру, мына өзіміздің мектебіміздің ауласына және осы жақын маңда орналасқан аллеяға тал егу және оны күтіп, баптау деген сияқты  жұмыстарды қолға алып жатырмыз.  

Толғанай АСҚАРОВА, ЖАС ВОЛОНТЕР:

Адамдардың шынайы эмоциясын бізге бөліскенде шынайы жылағың келеді екен.  Адамды нағыз адам қылатын қасиет ол қайырымдылық деп  білеміз. Мен болашақта медволонтер болғым келеді. Адамдарға кішкентай балаларға көмектескім келеді.

Облыстық әкімдіктің мәліметінше, аймақта  57 волонтерлық ұйым бар. Олардың айналасында мыңға жуық адам топтасқан. Өмірдің бар мәні қайырымдылық пен ізгілік деп ұққан еріктілер шынайы алғыс алға жетелейді,- дейді.

Мейрамгүл ЕСНИЯЗОВА, ВОЛОНТЕР, №40 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Шынайы алғыс айтса,өзіме қуаныш сыйлайды. Өзіме мотивация болады. Әрі қарай жасап жатқан жұмыстарыма. Жақсы баға беріп жатса, әрі қарай құлшыныс пайда болады.

Б. Нәдірқызы