Алматы облысында 31 жастағы келіншекті көлігімен қағып өткен жүргізуші, жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оның көлік басқару құқы болмаған. Қазір ол қамауда отыр. Полицейлер оның жанында отырған көлік иесіне де қылмыстық іс қозғаған. Сәбилерді анасынан, жолдасын жарынан айырған апат жайында әріптесім Әсем Лесбек әңгімелейді.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Айдың-күннің аманында бір отбасын қара жамылдырған оқиға күндізгі уақытта болған. Алматы-Бішкек тас жолының жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан Баян Жүнісбекованы жеңіл көлік осы жерде қаққан. Қатты соққыдан келіншек тілге келместен көз жұмған.
Соққының қатты болғаны соншалық, әйелдің денесі бірнеше метр жерге дейін ұшып кеткен. Құйындай жүйіткіген көлік те тоқтай алмай, едәуір жерге барыпты. Көлік тізгініндегі ер адамның, рөлге қалай құжатсыз отырғаны белгісіз. Көлік иесі оның сол сәтте жанында болған. Әп-сәтте аналарын жоғалтқан отбасы сабырға келе алар емес.
Жорабай АЙТЫМҚҰЛОВ, МАРҚҰМНЫҢ ҚАЙЫН АТАСЫ:
Шыңғырып жылап жатыр бала. Оған кім емшек береді. Мынандай бутылкамен емізік алып келіп аузына салды. Ауыр емес пе балам.
Берікжан ПЕРЕНОВ, МАРҚҰМНЫҢ ҚАЙЫН ІНІСІ:
Осы январьдан бастап шыққан еді жұмысқа. Ешкім күтпеді мұндай, қайтыс боп кетеді деп, ноп-нормально пешеходтан-ақ өтіп жатыр еді. За рулем болған бала вообще 20 жасар бала не правасы жоқ, удостоврениесі жоқ. Ешқандай кешірім бере алмаймыз.
Қара жамылғандар апатқа кінәлілердің әділ жазалануын сұрайды. Полиция жол апатына қатысты іс қозғаған.
Әбілтай ӘБЕНОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Тексеріс барысында күдікті танысының автокөлігін тиісті құжаттарынсыз басқарғаны анықталды. Автокөлік иесіне қатысты ҚР ҚК 349-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Ал танысына көлігін берген адам бостандыққа жіберілген. Жалпы Қасымбек ауылының тұрғындары мұндай апаттың дәл осы тұста жиі болатынына шағымданды.
Алма НҰРБАКОВА, ҚАСЫМБЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біреуін қағып кетті бір жетіден кейін больницадан шықты. Біреуін қағып кетті ол да өліп қалды. Бір жетіден кейін тағы қағып кетті ол да өліп қалды. Уже халық деген кімге айтады? Не әкімге айта алмасақ, не участковый келмесе.
Ермек ЖАҚЫПБЕКОВ, ҚАСЫМБЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жер астынан өтетін пешеход салсаңыздар. Радар қойсаңыздар. Жол ережесі бойынша знак пешеходтың алдында 150 метр бұрын тұру керек еді. Ол тұрған жоқ. Ол тура пешеходтың үстінде тұр. Камера сергек, басқа камералар жоқ.
Әкімдік жыл аяғына дейін көпір салынатынын айтты. Оған 180 млн теңге қаражат бөлінгенін жеткізді.
Абзал НҰРПЕЙІСОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Алматы - Бішкек тас жолында қазір өздеріңізге де көрсетемін. Надземный пешеходтың мосттың құрылысы жүріп жатыр қазір. Осы 2022 жылдың ноябрь айында аяқталады. Былтыр фундаментін ғана құйып қойды. Биыл толығымен аяқталады.
Жергілікті жұрт жол апаттарын болдырмау үшін, құзырлылар жағдай жасаса дейді. Көпір аяқталғанша тас жолдың бойында полицейлерді кезекшілік етсе деген ұсыныстары бар.
Ә. Лесбек