Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресей мен Беларусь спортшыларының Паралимпиадаға қатысуына тыйым салынды

  • AstanaTV
  • 03 наурыз 2022
  • 1206

Кезек, әдеттегідей спорт жаңалықтарында. Онымен әріптесім Асылбек Данияр таныстырады. Асылбек, спорт әлемінде қандай жаңалықтар бар?

Кеш жарық! Халықаралық Паралимпиада комитеті екі елге Қытайдағы ойынға қатысуға тыйым салды. Осы және өзге де ақпараттар сәлден соң.

Спорттық гимнастикадан әлем кубогінде қазақстандық екі спортшымыз финалға жолдама алды. Дохадағы алғашқы іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Нариман Курбанов гимнастикалық ат снарядындағы бірінші айналымда 14.566 ұпай алып, шешуші сында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Еркін жаттығудан Милад Карими 13.900 ұпаймен іріктеуде жетінші нәтиже көрсетіп, финалда жүлдеге таласпақ.

Ресей мен Беларусь спортшыларының Паралимпиадаға қатысуына тыйым салынды. Бұл туралы халықаралық паралимпиада федерациясы хабарлады. Бұған дейін қос мемлекеттің пара спортшыларына ойынға бейтарап мәртебеде қатысуға рұқсат берген еді. Бірақ, шешім аяқ асты өзгеріп кетті. Ресей Паралимпиада жарыстан шеттету шешімін негізсіз деп санайды.

Эндрю ПАРСОНС, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПАРАЛИМПИАДА КОМИТЕТІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Соңғы 12 сағат ішінде бізге көптеген қатысушылар хабарласып, ойын ашық айтты. Мен бұған ризамын. Олар Бейжіңдегі Паралимпиада ойындарына кері әсері тиюі мүмкін екенін жеткізді. Тіпті, бірнеше ұлттық паралимпиада комитеті жарысқа қатыспайтынын айтып наразылық білдірді.

Қостанайдың «Тобыл» командасы футболдан Қазақстан суперкубогінің иегері атанды. Шешуші матчта "Қайрат" пен "Тобыл" командалары кездесті. "Астана Аренада" өткен матч 2:1 есебімен қостанайлық клубтың пайдасына аяқталды. Айта кетейін, былтыр да дәл осы команда суперкубок иегері атанды.

Бразилиялық футболшы Қазақстан азаматтығын алды. Жоао Пауло қазір алматылық «Қайраттың» жартылай қорғаушысы. Ол осы уақытқа дейін 70 матч өткізіп, 36 гол соқты.

Менде бүгінге осы. Елдегі және әлемдегі спорттың басты оқиғаларын бірінші болып бізден біліңіздер. Амина, сөз сенде.

Рақмет, Асылбек! Ал, біз жаңалықтарымызды жалғастырамыз.

А. Данияр