Павлодарда құс фабрикасы жабылып, 150 адам жұмыссыз қалды. Жергілікті билік тұрғындарды жұмыспен қамтимыз - деп сендіргенмен, нәтиже болмай тұр. Ауызындағы нанынан айырылған ағайын енді қалай күн көрерін білмей дал болып отыр. Ал фабрика басшылығы кәсіпорында жаңғырту жұмыстары жүргізілетіндіктен, 1 жылға жұмысын тоқтатқанын жеткізді. Тұрғындар жан-айқайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар тыңдап келді.
Бір жыл біз сонда немене көмекейімізге не тығамыз, неменемен өмір сүреміз. Кредиттер бар, бәрінің кредиті бар. Менің жолдасым отыр міне алмайды. Бір үйден үш кісі бар фабрикада істеген солай қайда барады?
Бұл «Қызылжар» құс фабрикасының жұмысшылары. Кәсіпорында 200-ден аса адам жұмыс істеген. Қазір олардың 150-і жұмыссыз қалды. «Екі қолға бір күрек» іздегендерге жергілікті билік ауылдан 80 шақырымда орналасқан Ақсу қаласынан жұмыс ұсынған. Ал тұрғындар оған барып келу қосымша шығын деп отыр.
Алтынай КЕНЖЕБАЕВА, ҚЫЗЫЛЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бардық біз бір организацияға кешкі тоғызға дейін. Кешкі тоғызға дейін біз ауылдан келген кісі қалай істей аламыз? Демалыс жұмасына бір-ақ рет дейді. Ондай жұмыс бола ма? Біз елде тұрған соң малымыз бар, жанымыз бар. Біз олай жүре алмаймыз.
Ал Ақсу қаласына қатынап жұмыс істеуге ниетті тұрғындарды кәсіпорындар алмай қойыпты. Өйткені, жұмыссыз қалғандардың көбі зейнет жасына жақындап қалған. Егде тартқан адамдарды жұмыс берушілердің алғысы жоқ.
Малы барлар малмен күн көрер, малы жоқтар не істейді? Не жұмысқа да алмайды. Жолдасымыз жатыр, ешқайда алмайды. – Неге алмайды? - Жасы кеп қалды. Жасы келгеннен кейін возрасть - деп алмайды.
Ал жергілікті билік тұрғындарды жұмыссыз қалдырмаймыз – деп уәдені үйіп төкті.
Нұрлан БЕГЕЖАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Біздің басқарма Ақсу әкімдігімен бірлесе отырып онда жәрмеңке жасады бос жұмыс орындары бойынша 40 адамға жұмысқа жолдама берілді. 114 адам жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелді және оларға жұмысты тоқтату бойынша жәрдемақы төленіп жатыр.
Кәсіпорын бұған дейін де тоқырауға ұшыраған болатын. Ұзақ жылдар бойы тоқтап та тұрды. Соңғы 10 жылда жаңа қожайын табылып, ісі енді ғана өрге басқан болатын.
Рустам НҰРТАЗИНОВ, ҚҰС ФАБРИКАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Құс фабрикасын толықтай қайта жарақтау қажет. 9 құс ұстайтын орын бар. Оларға ағымдағы жөндеу жүргізу керек. Құрылғылар 10 жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істеп келді. Қосалқы бөлшектер сатып аламыз. Құс сою, жемдеу цехтары да әбден тозды. Қысқасы, барлығына да күрделі жөндеу қажет.
Құс фабрикасы мемлекеттен жыл сайын субсидия алады. Құс етіне берілетін қаржылай қолдаудың көбі осы кәсіпорынға тиесілі.
Айдос ЖАҚЫП, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Былтыр құс етіне жалпы облыс бойынша 240 млн теңге бөлінген болатын. Соның бірі құс етіне, Қызылжар құс фабрикасына 140 млн теңге субсидия берілген.
Кәсіпорынды 2023 жылы толық қайта іске қосу жоспарланып отыр. Ал оған дейін қараша халықтың қалай өмір сүрері белгісіз.
Ө. Қуанар