Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлда жылу тапшылығынан тұрғын үй құрылысы тоқтауы мүмкін

  • AstanaTV
  • 09 наурыз 2022
  • 1140

Қызылжарда тұрғын үй құрылысы мүлде тоқтап қалуы мүмкін. Өңір құрылысшылары осылай деп дабыл қақты. Себебі, тозығы жеткен жылу электр орталығы жаңадан тұрғызылатын баспаналарды жылумен қамтуға қауқарсыз. Мәселені жауаптылар қалай шешпек? Жергілікті биліктің бұл проблемадан хабары бар ма? Сала мамандарының пікірін теріскейдегі тілшіміз Абзал Құрманкин білді.

Аймақтағы құрылысшылардың пайымынша, сала тоқыраудың алдында тұр. Бүгінде Петропавлда 1100-ге жуық көпқабатты тұрғын үй бар. Жыл сайын коммерциялық және бюджеттік үйлерді қоса есептегенде 20-25 баспана бой көтереді. Бір қыста 4 рет апатқа ұшырап, жағдайы қиындаған жылу орталығы құрылыс компанияларының да "бас ауруына" айналды.
 
Әлім ШӨКЕНОВ, ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Былтыр жылу электр орталығының бұрынғы басшысы, үш-төрт жылдан кейін ТЭЦ жаңа үйлерді жылумен қамтамасыз ете алмайды деді. Биыл 25 зәулім үй салынды. Ендігі жылы құрылыс қарқыны одан да ұлғая түспек. Бірақ жылу орталығының ахуалына қарап, бізге жоспар құру қиындап кетті. Құрылыс саласының болашағы бұлыңғыр.

 
Петропавлдағы 1960 жылдары салынған жылу электр орталығы бүгінде 56 пайызға тозған. Тек биылғы жылыту маусымының өзінде статегиялық нысанда 4 мәрте апат болды. Алпыс жылдың ішінде ТЭЦ-тегі 12 қазандықтың біреуі ғана толық ауыстырылған екен. Мекеме жетекшісі жаңа нысандарға жылудың жетпей қалатынын жасырмайды.
 
Ержан ҚОҢЫРБАЕВ, ПЕТРОПАВЛ №2 ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жылу электр орталығының қуаттылығы – 713 гигокалорий. Бүгінде 12 қазандықтың сегізі жұмыс істеп тұр. Қалғаны жөндеуде. Қазір пештер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жоспарлы қуатынан 20 пайызға артық жұмыс істеуде. Биылғы жылдың аяғына дейін 1 қазандық толық ауыстырылады. Болашақта Петропавлда жылу дефициті пайда болуы әбден ықтимал. Сондықтан біз бұл проблеманы жақын арада әкімдік өкілдерімен бірге талқылайтын боламыз.
 
Кәсіпорын биыл инвестициялық бағдарлама құрып, оған 10 миллиард теңге бағыттауды көздеп отыр. Бұл компанияның таза жеке қаражаты көрінеді. Мәселеден жергілікті билік өкілдері де хабардар. Алайда, жылу орталығы жекенің қолындағы кәсіпорын болғандықтан оған тікелей қаржылай көмек жасай алмайтындарын жеткізді.
 
Бақыт ІЛИЯСОВ, СҚО ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
 
Жылу электр орталығына бюджеттен қаржы бөлінбейді. Біз тек қала ішіндегі жылу жүйелерін қаржыландырамыз. Себебі, тұрғын үйді салар алдында, ең алдымен коммуналдық жүйелерді тартамыз. Жалпы, ТЭЦ-тің жағдайы оңалу үшін жыл сайын бір қазандықтан жаңартып отыру керек.
 
Аймақ атқамінерлері екі аптадан кейін жылу мәселесіне қатысты кеңейтілген жиын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Жылу орталығының тағдыры сол жерде шешілмек.  

А. Құрманкин