Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қаңтар оқиғасын" ұйымдастырған кім?

  • AstanaTV
  • 14 наурыз 2022
  • 1185

"Қаңтар оқиғасын" ұйымдастырған кім? Елге қастандық жасағысы келгендердің түпкілікті мақсаты не? Бүгін Мәжіліс қабырғасында жыл бастала сала ел тыныштығын бұзған жаппай тәртіпсіздікке қатысты сұрақтарға жауап алынды. Бас прокурордың айтуынша, оқиғаға қатысты 3700-ден аса қылмыстық іс қозғалған. Олардың көпшілігі адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, бұзақылық және қару-жарақ тонауға қатысты. Қазір мұны Ішкі істер министрлігі қарастырып жатыр. Үш жарым сағатқа созылған жиында тағы не айтылды? Әріптесім Асылбек Даниярдың материалында толығырақ.

Бірінші қаңтарда елдің батысындағы халық газ бағасын төмендетуді талап етіп бейбіт митингке шықты. Өңірге жедел жеткен Үкіметтік комиссия тұрғындардың шағымын қанағаттандырды. Бұған қарамастан елдің 8 өңірінде адамдар көшеге шықты. Мемлекет басшысы үш күн қатарынан демонстранттарға үндеу жолдады. Заңды сақтауға және деструктивті күштердің арандатуына бой бермеуге шақырды. Бірақ, одан нәтиже болмады. Ақыры бұзақылыққа ұласты. Бас прокурордың сөзінше, ылаңды ұйымдастырушылар арнайы жоспармен әрекет еткен.

Берік АСЫЛОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫ:

Олар көп адамды жинап алып, арматура, таяқ, тас, Молотов коктейлімен қаруланды. Кейіннен топтың бір бөлігі дүкендерді қиратып, тонауға кірісті. Тонаудан кейін, қылмыстың ізін жасыру үшін, тіпті көп пәтерлі үйлердің бірінші қабатындағы үй-жайларды өртеген.


Бүлікшілер бірінші кезекте әкімдік, полиция ғимараттарын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараттарына шабуыл жасап, басып алды. Қару-жараққа ие болу үшін тәртіп сақшыларына шабуыл жасап, дүкендерді тонаған. Лаңкестер әрекеттерін жүзеге асыру үшін бейбіт тұрғындарды пайдаланды, дейді құзырлылар. Тәртіпсіздік кезінде 18-20 жастағы сарбаздарды ұрып-соғып, келеке еткен. Берік Асылов сонда да шабуылдаушыларға қарсы бірде-бір оқ атылмағанын жеткізді. Сәйкесінше, күштік құрылымдардың 3 жарым мың қызметкері зардап шекті. Жағдай тек 8 қаңтарда тұрақталды. Оқиғаға қатысы 3800-ге жуық қылмыстық іс қозғалды.

Берік АСЫЛОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫ:

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдану фактілері бойынша 234 істі жүргізуде. Ұлттық қауіпсіздік комитеті: – мемлекетке опасыздық жасау, – билікті басып алуға әрекет ету және – аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 істі тергеуде.


Оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның 3 орынбасары, сот санкциясымен қамауға алынды. Сондай-ақ осы органның тағы 2 басшысы, билікті асыра пайдалану күдігімен, қылмыстық жауаптылыққа тартылуда. Бас прокуратура тергеу туралы ақпараттар құпия сақталатынын жеткізді. Дейтұрғамен экс-шенеуніктердің қылмысы расталса, 17 жылға дейін бас бостандығына айралатынын айтты. Ал, жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар 766 адам күдік ретінде  ұсталған. Құзырлы органның мәліметінше олардың көбісі 30 жасқа дейінгі, жұмыссыз, жоғары білімі жоқ жастар.

Берік АСЫЛОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫ:

Олардың ішінде 19 деструктивті діни ағымдардың өкілі, 27 тыйым салынған экстремистік ұйымдардың белсенділері, 24 ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі бар. Сонымен бірге, 13 жеке тұлға адам өлтіру, ұрлық, тонау үшін сотталған. Оған мысал– «Дикий Арман» және оның тобындағы 14 адам.

Ал Ішкі істер министрі қазір полиция тергеуінде 3 мыңдай қылмыстық істің барын айтты. Мыңнан астам күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр, деді.400-ден аса күдіктінің ішінен 219-ы қамаудан босатылыпты. Ал, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 184 күдікті қамауда екенін жеткізді.

Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

12 мыңнан астам азаматтан жауап алынды. 2 мыңдай сараптама тағайындалды. Ұрланған мүліктің көп бөлігі тәркіленді. 229 айыпталушыға қатысты іс сотқа жолданды. Қазірдің өзінде 72 адам сотталды. Оның бесеуі бас бостандығынан айырылды. Қалғандары басқа жазаларына тартылды.


Марат Ахметжанов жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрланған екі мыңнан астам қару-жарақ әлі табылмағанын айтты. Ол қару-жарақты өз еркімен қайтарғандарға ешқандай жаза қолданылмайтынына уәде етті.  

Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Өз еркімен тапсырған адамдары жауапқа не әкімшілік, не қылмыстық жауапқа тарылмайды. Соны осы жерде айтып кепіл берейін деп айтып жатырмын. Өйткені, бұл заңмен көзделген. Сондықтан, табылған қару-жарақтарды полицияға тапсыруға шақырамыз.

Сондай-ақ қақтығысқан қатысқан 19 шетелдік ұсталған. Оның 11-і Өзбекстан, 4-і Ресей, 2-і Қырғызстан және Қытай мен Тәжікстанның бір-бір азаматтары бар. Оларға жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін және ұрлық жасау айыптары тағылып отыр. Бас прокуратура өкілі бұл сандар алдағы уақытта өзгеруі мүмкін, деді. Бұдан бөлек, өткен аптада Берік Асылов "қаңтар оқиғасы" кезінде қайтыс болғандардың тізімін жариялауға уәде берген еді. Бірақ.

Ризабек ОЖАРОВ, ҚР БАС ПРОКУРОТУРАСЫНЫҢ АРНАЙЫ ПРОКУРОРЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Ерте деп санаймыз, себебі қаза тапқан адамдардың туысқандары да, адвокаттары да мұның бәрін біліп отырады.  Сол себептен олардың келісімі болса, бәрі бірнеше факторды еске алып содан кейін шешім қабылданатын болды.
 

Осы орайда "қаңтар оқиғасын" ұйымдастырған кім деген заңды сауал туындайды. Жауапты ведомство өкілінен мұны да сұрап көрдік.

Істі бүге-шігесіне дейін зерттеп жатқан құзырлы органдар елдегі жаппай тәртіпсіздікке қатысты тергеу әлі де жалғасатынын жеткізді. Ал мәжіліс спикері Мемлекет басшысының сын сағатта шұғыл әрі жігерлі шешім қабылдағанын ерекше атап өтті. Соның арқасында ел ауыр соққыны жылдам еңсерді деді.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Уақыт өте келе бұл елдік пен тұтастықты сақтап қалу үшін жасалған бірден-бір дұрыс қадам екенін біз енді түсініп келе жатырмыз. Заңдық тұрғыдан барлығы мінсіз болуы қажет. Асығыстық танытуға болмайды. Себебі, таразы басында тұрған ол біздің азаматтардың тағдыры. Бұл жөнінде президенттің: «Кінәсіз адам жазаға тартылмауы тиіс, ал кінәлі қылмыскерлер қатаң жазасын алуға тиіс», - деген тапсырмасы бар. Осы тапсырмасы мүлтіксіз орындалуы керек.

Айта кетейік, "қаңтар оқиғасы" кезінде 230 адам қаза болды. Оның ішінде 19 әскери және күштік құрылымдар қызметкері бар. Қаза болғандардың ең көбі Алматы қаласында болған, олардың саны – 139.

А. Данияр