Русский Сайттың толық нұсқасы

ҚХР мен ЕАЭО арасында халықаралық қаржы-валюта жүйесін құру мәселесі қаралып жатқан жоқ,-министр

  • AstanaTV
  • 15 наурыз 2022
  • 1498

Қытай мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында ортақ валюта құрылады. Соңғы кезде осы тектес алып қашпа әңгіме жиі айтылып жүр. Бұл мәселенің ақ-ұарасын жауаптылардан сұрап көрдік. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың жауабы қандай?  Толығырақ экономикалық жаңалықтар топтамасы тарқатады.

Бірнеше күннен кейін Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысы өтеді. Оған сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қатысады. Ол осы алқалы жиында Қытай мен аталған одақ арасында бірыңғай валюта құру мәселесі қаралады деген ақпаратты жоққа шығарды. Бақыт Сұлтанов кездесудің күн тәртібінде бұл мәселе жоқ деді. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қытай мен Еуразиялық экономикалық одақ тәуелсіз халықаралық валюта қаржы жүйесін құрмақ деген ақпарат тараған болатын.

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

17-18 наурызда Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысы жоспарланған. Мен комиссия мүшесімін. Қазір күн тәртібінде бұл мәселе тұрған жоқ.

Доллар бүгін тағы да қымбаттады. Осылайша шетел валютасының ресми бағамы - 511 теңгеге жетті. Еске салайық, Ұлттық Банк осы күнге дейін теңгені тұрақтандыру үшін валюталық интервенция жүргізіп келеді. Олардың ресми дерегінше бұл мақсатқа жалпы сомасы 815,7 млн АҚШ доллары жұмсалған. Ал күні кеше Мемлекет басшысы шетел валютасы мен құйма алтындарды шетке шығаруға белгілі шектеулер енгізу туралы жарлыққа қол қойған еді.

Қаңтар айында сыртқы сауда тауар айналымы 63%-ке өсіп, 8,8 миллиард долларды құрады. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкіметте мәлімдеді. Оның айтуынша биыл жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 3,5%-ке артқан. Оң көрсеткіш көлік және қоймалау, құрылыс, тау-кен өндіру өнеркәсібі, сауда, сумен жабдықтау, ақпарат және байланыс, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы салаларында байқалған.

Экологияны ластаған кәсіпорындарға 30 млн-ға жуық айыппұл салынған. Бұл туралы Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы  Зұлфұхар Жолдасов мәлімдеді. Оның айтуынша, былтыр республика аумағында экологиялық заңнаманы сақтау бойынша мыңнан астам тексеріс жүргізілген.

Зұлфұхар ЖОЛДАСОВ, ЭГТРМ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жалпы 3 299 бұзушылық анықталып, оларды жою бойынша 1760 ұйғарым шығарылды. 27,3 млн теңге сомасына 2046 әкімшілік айыппұл салынып, 7,069 млрд теңге мөлшерінде шығынның орнын толтыру туралы 530 ұйғарым берілді.

Б. Сатуов