Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарлы боран кезінде жол апатынан 2 адам қайтыс болды

  • AstanaTV
  • 24 наурыз 2022
  • 2376

Ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің бірқатар өңірінде жол жабылып, қозғалыс шектелді.  Төтенше жағдай қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Ресми ақпарат бойынша, қар құрсауында қалған 700-ге жуық адам құтқарылған.  

Елордада бір күнде 124 жол апаты болды.  Қосшы қаласына баратын жолда автобус  пен оншақты көлік соқтығысқан. Абырой болғанда, адам аман.  Павлодарда жол көлік оқиғасынан екі адам қаза тапты. Қарағандыда  қар тазалап жүрген жас жігітті көлік қағып кетті.   Ал Ақтөбе облысының Қобда ауданында боранды күні шопан жоғалып кетті.  

Нұрбек ОРАЛБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА МАМАНЫ:

Қобда ауданындағы Сарбұлақ ауылынан шығып кеткен шопан 3 күн жүріп, Жаңатаң қыстағынан табылды. Денсаулығына ешқандай кесір тиген жоқ және медициналық көмекке мұқтаж емес.

Ырғыз ауданында да 57 жастағы қойшы Домалақ қыстағынан шығып, жолынан жаңылған. Шопан отар қойды айдап келе жатып, аттан құлап жаяу қалған көрінеді. Құтқарушылар оны малымен бірге Жаныс би ауылынан 9 шақырым жерден тапты.  

Мирас КӨШКІНБАЕВ, ШОПАН:

Адасып кеттім боран болып. Өзім 10 жарымда үйден шықтым, содан келе жатырмын. Жігіттер тауып, қуанып отырмын. Көп-көп рахмет.

Жалпы өткен тәулікте қар құрсауынан 687 адам құтқарылды. Оның 114-і бала. Ауа райының қолайсыздығына байланысты республиканың 21 учаскесінде жол жабылған. Бірақ  ескертуді елемегендер көп. 3500-ден астам көлік қарлы боран салдарынан жолда  қалған.

Әсет ЖЫЛҚАЙДАРОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ МИНИСТРЛІГІ   ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:

Қазіргі уақытта автожолдардың 16 учаскесі жабық. Оның ішінде Республикалық - 6 және облыстық - 10. Уақытша пункттерден жатқан адамдар уже үйлеріне қайтты.  

Төтеншеліктер әлі де 5 өңірде жол жабық деп мәлімдеді.  Сақтық үшін жүргізушілерге алыс жолға шықпау қажеттігін ескертуде.  
 
Т. Әлжанов