Әйеліне қол көтеріп, баласына
қорлық көрсеткендерге жаза
қатаңдатылады. Ондайларға қарсы қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін. Бұл туралы
бүгін Астанада құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен өткен ведомоствоаралық кеңесте айтылды.
Сондай-ақ, болашақта «Неке және отбасы»
заңнамасына бірқатар өзгертулер енгізілмек. Мәселен, отбасылық жанжал шығарғандарды
қамау 2 тәулікке ұзарады. Қолданыстағы заңға сәйкес, ондайлар небәрі 3 сағатқа
қамалып келген еді. Егер онда да сабасына түспесе, сот шешімімен үйінен
аластатылуы мүмкін. Бұзақыларды қоғамдық жұмысқа тарту мәселесі де
қарастырылған.
Зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балаларға көмек беру
орталықтарын көбейту кезек күттірмейді. Ол үшін арнайы бағдарлама әзірленбек.
Ресми мәліметтерге қарағанда, биыл отбасылық жанжал шығарушылар қатары 54
пайызға өскен. 308 адамға қатысты іс қозғалды.
Құралай ПИОНЕР