Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау тұрғындары автосалоннан көліктерін ала алмай жүр

  • AstanaTV
  • 28 наурыз 2022
  • 1296

Автосалоннан көлік аламыз деген атыраулықтар, 6 айдан бері әбігерге түсіп жүр. Айтуларынша алғашқы жарнаны төлеп қойған, бірақ көліктерін ала алар емес. Тұрғындардың бірі көлігін сатып, бірі несие алып, 10 пайыздан - 70 пайызға дейін алғашқы жарнаны төлепті. Бүгін олар автосалон басшылығымен тілдесуді талап етіп, арнайы келді. Олар кімге шағынарын білмейді.  Жұртты сенделткен кім? Сауалға әріптесім жауап іздеді.

Атырау қаласының тұрғыны Тілек Арыстанов «Вираж» автосалонымен былтыр қарашада келісім-шартқа отырыпты. Алғашқы жарнасын да төлеп қойған. 60 күнде "Газель" көлігін әкеп беруге уәде еткен салон қызметкері, жеме-жемге келгенде сөздерінен тайқыды,- дейді. Өйткені автосалонға ешбір шағымымыз жоқ деп қолхат қалдырып, ақшасын кері алуды ұсынған.

Тілек АРЫСТАНОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Машинаң келді деп айтты. Келіп машинамды нөмірлеп,  белгілеп  кеттім. Содан кейін бір аптадан кейін телефон соқты. «Құжатыңызды қайтып алыңыз, Газель сатылмайды»,- деді. Неге?- деп сұрасам,  директор іште жоқ, утилсборға байланысты,- деді+Жолығатын кісі таппай жүрміз.

Еламан ИБРАГИМОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Договор бар. Машина келіп тұр, артында тұр. Мен  барып таңдап, кузов нөмірін барлығын фотоға түсірдім. Енді маған телефон соғып тұр. Утилсбор төлей алмай жатырмыз. Ақшаны қайтарамыз деп. Мен айттым отказ жазып бердім. Ақша керек емес. Маған Газель бере қойыңыздар деп. бірақ ешкім жоқ. директор Алматыға қашып кеткен.


Мейрам Ихсановтың інісі болса, автокөлік құнының 50 пайызын төлеп қойған. Енді қаржыны қайтарып алған күннің өзінде жаңа түгілі, ескісін алуға жетпейді,- дейді.

Мейрам ИХСАНОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

4 млн алғашқы жарнасын төлеп қойды. Машинасын сатты.  Жеке кәсіпкермен айналысады. Артық ақшаларын  бәрін  осында салып газелді алайын деген. Отказ жаздырып, бізді лақытырп жіберейін деп тұр ғой.

Бүгін олар келісім-шарттағы міндеттеменің орындалуын талап етіп, автосалонға тағы да келді. Алайда тілдесер жан жоқ. Менеджерлер орнынан табылмады. Жиналғандардың пайымынша салон басшылығы көлік құны қымбаттаған соң, арзан бағаға сатудан бас тартып, осындай қадамға барып отыр. Олар бірнеше ай қомақты қаражатты ұстаған автокөлік салонынан өтемақы талап етпекші.

Ержан ИСМАҒҰЛОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Компенсация керек. Келіп тұрған 18 газельді 15 млн десе, ал мен 7 жарым миллионға келісіп қойдым ғой келісім-шарт бойынша. Бізге жоқ дейді де, ертең мынаны кері сатады халыққа.  Солай боп тұр ғой.  Келіп тұрған Газелді заводқа кері жібермейді ғой.

Автосалон басшылығының айтуынша Газель көліктері «СемАЗ» зауытына тиесілі. Олар бұл жағдайға біз кінәлі емеспіз,- деп ат тонын ала қашқан. Айтуларынша, қайта құрылған «Жасыл даму» мекемесі утилизациялық алым мөлшерін белгілемеген.  Сондықтан тіркелмеген көлікті клиентке бере алмаймыз,- деп ақталды.    

Владимир КОТЕЛЬНИКОВ, КОМПАНИЯНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

«Жасыл даму» әлі күнге дейін  утилизациялық алымның мөлшерін белгілеген жоқ. Мамыр айында айтамыз,- деді. Екі айдан бері созып келеді. Сондықтан біз автокөліктерді есепке қоя алмай отырмыз.  «Жасыл даму» құрылған кезде оған жаңа адамдар келді.  Оларда тәжірибе де, арнайы бағдарлама да болған жоқ. Бірнеше басшы ауысты.  Мекеме Экология министрлігіне қарайды.  Олар да өз тарапынан ешқандай қадам жасамай отыр. Біз тұтынушылардың ақшасын ұзақ уақыт ұстап отыра алмаймыз.

Алайда «Жасыл дамудағылар» болса, мұнымен келіспейді. Олар кәсіпкердің бұл сөзі сылтау мен уақыт оздыру ғана,- дейді. Олар компания халықты пайдаланып отырғанын жеткізді. Автосалонның утилизациялық алым төлеуіне сатып алушылардың ешбір байланысы жоқтығын айтты.

Талғат МАХАНОВ, «ЖАСЫЛ ДАМУ» АҚ БҰҚАРАМЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Жасыл даму акционерлік қоғамына байланысты әрбір автосалонның  жасалған келісім шарттары бар.  Бұл негізде әрмен қарай  жұмыс істеле береді.  Бұл келісім-шарттың жеке тұлғалармен  автосалондардың арасындағы  көлікті сатып алу, сату мәселесіндегі келісім-шартқа ешқандай  кедергісі болмауы керек. Кейбір автокөлік салондары халықтың қаржысын жинап алғаннан кейін,  өзінің ойындағы міндеттерді  үшінші тарапқа арту арқылы сылтауратып, уақыт оздырғысы келетін сияқты.

Сондықтан тұрғындарға құзырлы органдарға шағымдануға кеңес берді. Айта кетейік, автосалон басшылығы азаматтарға салған ақшаны доллар бағамындағы өзгеріспен қосып кері қайтаруға мүдделі. Немесе көліктің құнын толық салып, белгісіз уақытқа дейін күтуді ұсынады. Келіспегендер сотқа  шағымдана алады. Сатып алушылар келіспесе де келісім шартты біржақты бұзамыз,- деп отыр.  

Б. Надірқызы